Астанада туристерге қызмет көрсететін мамандар бірнеше тілді жетік меңгерген
Өз көлігімен жолға шыққан қытай саяхатшылары 20 күнде Астанаға жетті. Олар Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, терең тарихымен танысқысы келеді. Елге келмес бұрын, қытай тілін білетін тәртіп сақшыларын іздеген көрінеді. Ал Астанада туристерге қызмет көрсетіп жүрген мамандар, тек ағылшынды ғана емес, бірнеше тілді жетік меңгерген.
Көліктің ішінде қыз-қыз қайнаған өмір. Қытайдан Қазақстанға бет алған 3 қытай қызы кезекпен көлік жүргізіп, сонда ұйықтап, тамақтанып, елді көруге келген. Тик-ток желісінде туристерге бірнеше тілде еркін сөйлеп, көмектескен полиция қызметкерін алдын ала іздепті.
Өнербек Жеңіс, полиция аға лейтенанты:
- Қытай тілінде жауап бере алатын полицей қызметкерінің бар екенін біліп, Астана қаласында және Қазақстанда ең әдемі көркем жерлерге қалай баруға болады, қай жерден тамақ ішуге болады, қандай көмектер көрсетуге болады? Сол туралы білуге келген екен. Мен қазір сол кісілерге түсіндіріп, Қытай тілінде бағыт-бағдар беріп жатырмын.
Дегенмен, олар алыс жолдың оңай болмағанын айтады.
Лили, қала қонағы:
-Біз келе жатқанда тамақтарымыз таусылып, біраз қиналдық. Бірақ, Қазақстандық полиция қызметкерлері жол көрсетіп, азын-аулақ азық-түлік беріп, бізді қуантып жатыр.
Шиаутайяң, қала қонағы:
- Астанаға жеткенде, бірден қытай тілін білетін Өнербек Жеңіс мырзаны іздедік. Бұған дейін біз әлеуметтік желіден көргенбіз. Күндіз, мейлі түнде де хабарласып, онлайн да көмегіне жүгініп жатырмыз. Рақмет айтамыз.
Өнербек Жеңіс Қытайдың Алтай қаласында туып, 20 жыл бұрын елге көшіп келген. Сондықтан, қытай және ұйғыр тілдерінде жетік сөйлейді. Ал Қазақстанға келген соң орыс және ағылшын тілдерін үйреніпті. Қазір түрік тілін меңгеруді мақсат тұтқан.
Хамза Сайед, қала қонағы:
- Маған Астанадағы қызықты жерлерді айтып, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындайтын орындарды көрсетіп жатыр. Мұнда жиі қолданылатын бағдарламаларды айтты. Біраз смартфоныма жазып алдым. Сауда Арабиясынан келгендіктен, мен қазақ тілін білмеймін. Мұндай мамандардың көмегі қалаға алғаш келгендерге керек деп ойлаймын.
Астанадағы туристік полиция қызметкерлері жыл басынан бері 1600-ден астам адамға көмектескен. Оларда 4 стационарлық бекет бар. Атап айтсақ, турполицейлер “Астана Бәйтерек”, “Бейбітшілік және келісім сарайы”, “Хан Шатыр” және “ЭКСПО” көрме орталығының маңында тыныштықты күзетеді.
Құлпынай Тәңірберген, полиция аға лейтенанты:
- Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша туристік полицияда 25-тей қызметкер жұмыс істейді. Өзіміздің бөлінген аумақтар бойынша белгіленген уақыттан айналым жасап, жалпы жағдайды біліп отырамыз. Жалпы біздің міндетіміз қоғамдың қауіпсіздікті қамтамасыз ету және туристерге көмектесу.
Полиция қызметкерлері қоғамдық көлік бағыттарын түсіндіріп, такси шақыруға көмектеседі. Тіпті жыл басынан бері 100-ге жуық жоғалған заттар мен туристердің балаларын тауып берген. Мамандардың айтуынша, уақытқа қарамай, кез келген сәтте шетелден келген азаматтарға көмек қолын созуға дайын.
Авторлар: Диана Қадыр, Дархан Кунтуов.