Курчатов ғылым қалашығы болуы мүмкін
Қазақстандағы алғашқы АЭС-ты кім салатыны жақында белгілі болады. Мұны Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты. Ал Абай облысындағы Курчатов қаласы ғылым қалашығы болуы мүмкін.
Сенатта Курчатовты ғылыми орталыққа айналдыру мәселесі талқыланды. Алайда қалаға ондай мәртебе беру үшін өлкенің бірқатар проблемасын шешу қажет. Ең алдымен онда инфрақұрылым ақсап тұр. Сырттан маман тарту үшін баспана мәселесі тағы бар. Орташа еңбекақы да төмен. Ал ғылым жағынан қаланың әлеуеті зор, - дейді депутаттар. Себебі Курчатовта Ұлттық ядролық орталық бар. Онда 1 мың 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Олар әлемнің алпауыт елдерімен әріптестік байланыста. Демек орталыққа инвестиция тартуға да болады. Осының барлығы енді арнайы заңға енгізіледі.
Дархан Ахмед-Зәки, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Заңнама осы 29 желтоқсанда кірді. Енді ары қарай Мәжіліс пен Сенатта пысықталады. Мұндай үлкен заңнама инфрақұрылымдық тұрғыдан болатын болсын бюджет кодексіне қарастырылып жатқан, екіншіден, Салық кодексіне бәріне тәуелді болады. Өйткені ғылыми қалашық болғаннан кейін ол жерде ғылыми-инновациялық кәсіпорындар жұмыс істеуі керек. Ол бағытта істеу үшін салықтық көмек керек.