Елде интернет қолданушылардың саны күрт артқан
Бірақ жылдамдығы мен сапасына қатысты сын аз емес. Мәселен, 250 мыңға жуық ауыл тұрғыны әлі күнге ғаламтордың қызығын көре алмай отыр. Тіпті желі жетіп тұрған елді мекен мен қалалардағы ахуал әртүрлі. Цифрлық теңсіздікті жою үшін енді биылдан бастап ауқымды жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Ернар Әмірғалидің қарап отырғаны Speedtest Global Index платформасының бір ай бұрын жариялаған хабарламасы. Онда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы мен кеңжолақты қолжетімділігіне талдау жасалған. Нәтижесінде Қазақстан дамыған Жапониядан бір саты жоғары тұр. Мұны көрген IT-саласының маманы шынымен таңғалды. Ал өзі үшін ғаламтор ауадай қажет. Себебі бірнеше елден түскен тапсырысты орындауда интернеттің жылдамдығы маңызды.
Ернар Әмірғали, IT маманы:
- Қазіргі кезде бәріміз телефон ұстаймыз. Мысалыға таксистер, жеткізетін адамдар олардың бәрі интернет қолданады. Сондықтан интернет мәселесі мемлекетіміздің дамуына орасан зор ықпалы бар. Бірақ қамтылуы жағынан ол жағын да қарастырылуы керек. Қамтылу жағынан интернеттің жылдамдығы бүкіл жерде бірдей болса. Мысалы, кейбір жерлерде мүлдем ұстамай қалады, тіпті сөйлесуге де қамтылу жоқ.
Сервистің жүргізген талдауы әлем бойынша 154 елдегі 200-ге жуық қаланы қамтыған. Мобилді интернет бойынша еліміздің көрсеткші тәуір болғанымен, үйдегі ғаламтор желісін жетілдіру керектігі айқын көрініп тұр. Сарапшылардың айтуынша, бұған аса мән берудің қажеті жоқ. Себебі көрсеткіш ай сайын өзгереді. Ал шынайы жағдай мүлде басқаша. Өңірлерде интернет түгілі ұялы телефонға қоңырау келмейтін қалалар әлі бар. Ғаламтор негізінен облыс және аудан орталықтарында тұрақты ұстағанымен, шалғай ауылдардағы ахуал әртүрлі.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева бұл ретте уақыт талабына сай сапалы іс атқаруы керек деп санайды.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүгінде интернет жүргізуге қатысты шығарылған шешімдер саны өсті. Бірақ ғаламтор сапасына қатысты наразылық бар. Мәселен, қазіргі күні 250 мың адам тұратын мыңнан астам ауылда интернет жоқ. Ал қызметке қолы жетіп тұрған елді мекендердің ішінде жылдамдығы төмен ауылдар бар. Оған қоса гаджет, смарт телевидениесі, білім алу және медицина секілді интернетті қажет ететін құрылғылар көбейді. Бұл әрине, қажетті жабдықтарды жаңарту, инфрақұрылымды дамытумен де байланысты.
Соңғы жылдары интернет қолданушы абоненттердің саны еселеп өскен. Ал қызмет сапасын арттыруда байланыс операторларына салынатын айыппұл оң әсер еткен. Тек былтырдың өзінде тұтынушылардың шағымы бойынша 1,2 млрд теңге айыппұл жазылыпты.
Бүгінгі күні үш байланыс және үш тіркелген интернет операторы бар. Елдегі ғаламтордың жылдамдығы соңғы рет жүргізілген тексеру нәтижесінде секундына 53 мегабитті көрсеткен. Алдағы уақытта барлық өңірде 5G жүйесі, ал үш мыңнан астам ауылға оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту көзделіп отыр.
Азамат Серіктаев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы:
- 2025 пен 2027 жылдың соңына дейін бізде көптеген іс-шаралар жоспарланған. Біздің 17 облыс орталығында және үш республикалық маңызы бар қалаларда мобильді 5G жүйесі енгізілетін болады. Енді бәрімізге мәлім, осы 5G ол өте жоғары жылдамдықты бере алады. Осы жоба аясында қалаларда 3,5 мыңнан астам базалық станция қойылатын болады.
Жауапты министрлік өкілінің айтуынша, бұған дейін қабылданған ұлттық жоба аясында елде цифрлық теңсіздікті жою үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту ісі жалғасады. Соның аясында шалғай жерлерде орналасқан 500-ден астам ауылға отандық «KazSat-3» пен осы нарыққа жаңа кіріп жатқан европалық спутниктік оператор қызмет етеді. Ал Каспий теңізінің түбі арқылы Әзербайжаннан қосымша интернет желісін тарту үшін қазір бірлескен кәсіпорын құрылған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Елді сапалы интернет желісіне қосу үшін тиісті заңнамалық құжаттар қабылданған. Соған сәйкес енді желі жетпеген жол бойына антеналар орнатып, ғаламтормен қамту көзделіп отыр. Дәл осындай жұмыс ірі қалаларда да жүргізілмек. Ал тариф құнын өсіру ұялы байланыс операторларының шығынына қарай есептеледі. Бағаның қашан өзгеретіні келесі айда белгілі болады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Дархан Күнтуов