Аягөз-Қарауыл-Қайнар жолы қашан жөнделеді?
Абай облысындағы Аягөз-Қарауыл-Қайнар бағытындағы жолдың күрделі жөндеу көрмегеніне ширек ғасырдан асты. Соңғы жылдары Қаражыра кенішінен көмір таситын жүк көліктері көбейген. «Бұл онсыз да сапасы сын көтермейтін жолдың тоз-тозын шығарып жатыр»,– дейді өңір халқы.
Қарауылдан Аягөз ауданына дейінгі арақашықтық шамамен 150 шақырым жер. Облыстық маңызы бар жол дегенмен, соңғы отыз жылда бұл жер күрделі жөндеу көрмеген. Жүргізушілер жылдар бойы шұрық тесік жолдың азабын тартып келеді.
Ой-шұңқырлы жолдың азабын тартқан жүргізушілердің бірі – Тұрсын Сағадиев. Ол Абай ауданына жарысқа келетін балаларды тасиды. 40 жылдық тәжірибесі бар жүргізуші: «Екі аралықта қатынаймыз деп талай мәрте далада қалғанбыз»,– дейді.
Тұрсын Сағадиев, Ақсуат ауданының тұрғыны:
-Жол осылай сапасы сын көтермейді. Жаздың күні шаңда, қыстыгүні осылай боранда далада қаламыз. Әркімнің есігін қағып, түнеп шығып, ауылымызға жетеміз енді. Камаздың өзі бәленбай тонна жүкпен жүріп өтеді. Өзі сын көтермей тұрған жолды одан сайын жойып жібереді.
Аягөз-Қарауыл-Қайнар күре жолының ұзындығы 218 шақырым. Оның 150 шақырымы Аягөз-Қарауыл бөлігі. Сол маңда Қаражыра кеніші орналасқан. Күн сайын жүк көліктері елді мекендерге көмір тасиды.
Қайрат Диқанбаев, жүргізуші:
-Жолды көріп тұрсың ғой өзің, жаман, әрине. Кішкене жөндесе жақсы ғой. Мысалы, Аягөз бен Ақшатаудың арасын қар алып қалады. 22-ақ тонна міне. Басқа бермейді.
Жергілікті әкімдік өкілдері күре жол кезең-кезеңмен жөнделетінін айтып отыр. Былтыр шамамен 20 шақырымына асфальт төселген. Бұған облыстық бюджеттен шамамен 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Мейіржан Смағұлов, Абай ауданының әкімі:
-Аягөз-Қарауыл бағытымен бірыңғай ақша бөліп, толық жөндеу мүмкін емес. Себебі басқа да аудандарда облыстық маңызы бар жолдар бар. Соларға жан-жақтан пропорционалды бөлу мақсатында жұмыс жүріп жатыр.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары аталған аумаққа 15 мәрте тексеру жүргізген. 150-ге жуық материал сарапталып, 20 шақырым жерден 8 ақау анықталған.
Роллан Қалиақпаров, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Абай облыстық филиалының инженері:
-Оның ішінде түйіспелі тегістік бойлық бар және көлденең бағытта асфальт бетон қабатының қабыршақтануы байқалады. Бұған қоса жарықшақтар анықталды. Сол бойынша біз тапсырыс берушіге хат жолдадық. Бірақ ол ақаулар әлі жойылған жоқ.
Аягөз-Қарауыл-Қайнар күре жолын жөндеу көктемде жалғасады. Қазір жұмысқа жауапты компания анықталған. Мердігер ұйым Кеңгірбай би аулының маңынан 4 га жер алып, асфальт өндіретін көшпелі зауыт салуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов