Хабар телеарнасы

ЖИ қарқынды дамып келеді

Жыл соңына дейін жасанды интеллект «Электронды үкімет» жүйесіне енгізіледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жұмысы да AI технологиялар арқылы реттеледі. Бұл туралы Үкіметтік кеңейтілген отырысында айтылған. ЖИ технологиялары адами факторды азайтып, жұмысты ашық, әрі жылдам етуге септігін тигізеді. Бірі білсе, бірі білмес, бірақ жасанды интеллект қазірден-ақ кең қолданыс тапқан. Мәселен, Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі оны бейнебақылау жазбаларын талдауда қолданады. Ал жүзеге асып жатқан жобалар қандай? 

Жасанды интеллект жүздеген оператордың жұмысын алмастыра алады. Қарапайым ереже бұзған жүргізушіден бастап, қоғамдық тәртіпті бұзған адамды табу оған еш қиындық тудырмайды. Қаладағы барлық бейнебақылау камераларындағы жазбаларды онлайн режимде талдап, жүйелеп, қауіпті әрекеттерді өзі анықтайды. Мұндай ұтымды ІТ шешімді астаналық компания өкілдері бірінші боп нарыққа енгізді. Нәтижесі жаман емес. Жүйе бір жылда 300 құқықбұзушыны анықтап, табуға көмектескен.

Зарина Жахина, Targetai компаниясының бизнесті дамыту бойынша жетекшісі:

-ІІМ сонымен қатар Бас прокуратураның, мемлекеттік органдардың негізгі осы қалалардың қауіпсіздігін арттыру саласындағы басты құралы болып саналады. Мысалға егер де қылмыскерге ұқсас адамды анықтайтын болса және ұқсастық пайызы жоғары болатын болса, онда полиция департаменті немесе бас прокуратураның пультына өз хабарын береді.

Жобаға алдымен Астана хаб өкілдері қолдау білдірген. Бүгінде хабтағы резиденттер саны 1,5 мың компаниядан асты. 425-і халықаралық дәрежеде жұмыс істейді. Олардың былтырғы кірісі 1 млрд 300 млн долларға жеткен. Сондай-ақ бұл компаниялар жүзге жуық елге өнім экспорттайды

Әсел Мизамқызы, Astana hub халықаралық технопаркінің бас менеджері:

-Инвесторлар көбіне жасанды интеллектке негізделген стартаптарға қызығушылық танытып, инвестициялар салып жатыр. Қазіргі кезде Астана хабта тіркелген ІТ компаниялардың 150-і жасанды интеллектке негізделген. Және де олар жылдам өсім көрсетіп жатыр. Шетелдіктер қызығып жатыр, сондай олар шетелге жақсы шығып жатыр.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, логистика, денсаулық сақтау және спорт саласындағы стартап жобаларға инвесторлар қызығушылық танытуда. Себебі онда жасанды интеллектті қолдануға барынша көңіл бөлініп отыр.

Авторлары: Дана Әлиева, Мейрамбек Қайыркелді