Елде ұялы байланыс тарифі өседі

  • 5
  • 03.12.2025, 18:58

Елімізде Beeline, Altel, Tele2 байланыс операторлары қызмет ақысын көтеруді қарастырып жатыр. Шамамен 15-20% өсірмек. Сала мамандары тарифтің өзгеруін инфрақұрылымды дамыту қажеттілігімен байланыстырады. Ал сапа өзгере ме?

Ұялы байланыс тарифінің 15-20% өсуі қарапайым тұрғындардың назарынан тыс қалмады. Себебі қызмет ақысы ұялы телефон арқылы сөйлесуден өзге хат алмасу және интернетпен тікелей байланысты. Ал кейбір қолданушылар абоненттік төлем соңғы уақытта жиі өзгергенін байқаған. 

Байланыс операторлары тарифті өзгерту қажеттіліктен туындаған шара екенін мәлімдеп отыр. Себебі электр энергиясында шығын күрт өскен. Сондай-ақ база станциялары мен Дата орталықтарының құрылысына қомақты қаражат қажет екенін айтады. Тұрақты байланысты қамтамасыз етіп, сапаны жақсарту үшін шетелден жабдықты әкелу керек дейді.

Евгений Настрадин, Beeline Қазақстан холдингінің президенті:

- Шығынның өсуіне әсер ететін факторлар көп. Мәселен, іске қосылатын қосымша құн салығы, электр қуаты. Егер электр энергиясы, антенна желілік болмаса, байланыс та болмайды. Айта кету керек, Қазақстан гигабайт құны арзан 10 елдің қатарына кіреді. Біз тарифті жаппай өсірмейміз. Тек көптен бері өзгермеген қызмет құнына түзету енгіземіз. 

Қызмет ақысына жауапты орган өкілдері араласпайтынын айтады. Себебі тиісті заңнама бойынша компаниялар бағаны өздері реттейді. 

Олжас Кабенов, ҚР ЖИЦДМ Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары:

- Ұялы байланыс операторларынан алынған ақпаратқа сәйкес Altel, Tele2 желтоқсан айынан бастап тарифті өсіруді көздеп отыр. Соның ішінде архивті пландардың құнын көтермек. Ал Kceel жыл соңына дейін қызмет ақысын ұлғайтуды жоспарлап отырған жоқ. Beeline үйдегі интернеттің бағасын көтереді.

Абоненттер тарифтің өзгеруімен байланыс сапасы да жақсаратын шығар деп үміттенеді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Таир Мерекенов