Астананың инвесторларды қорғау бойынша тәжірибесі өңірлерге қажет – заңгер
100 млрд теңге. Былтыр елорданың әкімшілік соты инвесторлардың құқығын қорғап, осынша қаржысына араша болған. Мұндай істер еліміздің басқа өңірлерінде де кездеседі. Тіпті бір компанияның түрлі мемлекеттік органдармен жылына 2-3 рет соттасу жағдайлары тіркеліпті. Бұл туралы Астанада өткен инвестициялық форумда айтылды. Жиында мәселені сотқа дейін шешу және кәсіпкерлердің мүддесін қорғау жолдары пысықталды.
Инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы даулы әкімшілік істердің саны жыл сайын өзгеріп тұрады. Ал тақырыптары ұқсас. Ол жер қойнауын пайдалану, салық және экологиялық нормаларға қатысты. Сол үшін жоғарғы сот барлық тарапты жинап мәселені талқылауды дәстүрге айналдырған.
Аслан Түкиев, ҚР Жоғарғы Сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:
-Әдетте бір мемлекеттік орган рұқсат береді, жерді жергілікті әкімдіктер анықтайды. Қосымша рұқсаттарды үшінші басқармадан алу қажет. Инвестор бұл құжатты жинау үшін кейде 2-3 жыл жүреді. Бәрі бітті дегенде алғашқы құжаттың жарамдылық мерзімі аяқталады. Осындай да мәселе кездеседі. Мамандар өзіне жауапкершілік ала алмағандықтан сотқа жүгінеді. Сондықтанда істердің саны көп.
Былтыр Астанада қаралаған істердің 83% инвесторлардың пайдасына шешіліпті. Осы арқылы 100 млрд теңге көлемінде инвесторлардың құқығы қорғалған. Соттар істерді қараған кезде кейбір шенеуніктің үстінен де шара қолданып, тәртіптік жаза тағайындапты.
Петрос Цаканян, шетелдік компанияның заңгері:
-Мен Қазақстанда істейтін шетелдік компанияның өкілімін. Өндірісіміз үлкен, 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жұмыс барысында түрлі сұрақтар, күтпеген мәселелер туындайды. Сондықтан мемлекеттік органдармен соттасып жатамыз. Астананың инвесторларды қорғау бойынша оң тәжірибесі өңірлерге де қажет. Осындай форумда өзімізді алаңдатқан сұрақтарға жауап аламыз.
Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы:
- Прокурорлық фильтр деген қазір құрал пайда болды. Оған сәйкес мемлекеттік органдар бір кәсіпорынның лицензиясын алып қоймас бұрын ол прокурорға міндетті түрде жүгінуі керек. Прокурор оны екінші рет тексеріп келісім береді немесе бас тартады. Бұл да сотқа дейінгі процесті реттейді деген сөз.
Соның өзінде былтыр Қазақстан бойынша инвесторларға қатысты 200-ден астам әкімшілік іс сотта қаралыпты. «Қазір сырттан тартылған қаржы есебінен елімізде мыңға жуық ірі компания жұмыс істейді. Сондықтан бұл қалыпты жағдай»,– дейді мамандар.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин