Түркістан облысында шаруалар картоп егуден бас тартты
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының шаруалары биыл картоп егуден бас тартып отыр. Себебі шығынды ақтамайды дейді. Оның үстіне тыңайтқыш пен тұқым бағасы да екі есе өскен. Ал сарапшылар картоп өсіруге субсидия берілмесе, нарықтағы бағаны ұстап тұру мүмкін емес екенін айтады.
Сарыағаш ауданындағы Дихан баба ауылының шаруалары жылдар бойы картоп өсірумен айналысады. Алайда соңғы жылдары көкөністің бұл түрін егу тиімсіз болып қалған. Дақыл піскенше миллиондап шығынданатын шаруалар дәл сататын кезде баға арзандап, еңбек еш кетеді дейді. Өйткені ішкі нарықты көрші елдердің арзан өнімі басып қалады.
Ербол Сәриев, диқан:
-Ауылдың 90% картоп егетін. Сонымен күнін көретін, бала-шағасын асырайтын. Қазір ешкім екпей жатыр. Біріншіден, жақсы тұқым табылмай қалды. Екіншіден, жанармай қымбаттағаннан кейін селитра қымбаттағаннан кейін құйған ақшаңызды қайтып ала алмай қаласыз.
Шаруалардың сөзінше, биылғы қымбатшылық көктем басталмай жатып бүйірден қысқан. Жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштардың бағасы 30% өскен.
Өмірзақ Тойбеков, диқан:
-Биылғы шығынмен есептесек, гектарына дәріңіз бар, адамдарыңыз бар, жыртуыңыз бар 2,5-3 миллионға жақындап қалады жинап болғанша. Ал оны 80 теңгеден сатсаңыз ақтамайды. Екі жылдан бері банкрот болдым, екпей қойдым.
Ал жергілікті сарапшы Данияр Қалтаевтың айтуынша, нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру үшін диқандарға қаржылай көмек көрсету қажет. Яғни ерте көктемнен тұқымға және дайын өнімнің гектарына субсидия берілсе, қымбатшылық болмас еді дейді.
Данияр Қалтаев, сарапшы:
-Өзіндік құнынан ешқашан арзан сатпау керек. Өйткені құнынан бұл кісілер арзан сатып, банкрот болса, биыл он диқан кетсе, келесі жылы 20 диқан кетеді. Арғы жылы ешкімді таппай қаласыздар, қымбатшылық сол кезде болады.
Картоп еккендерге арнайы субсидия қарастырылмағанымен, бірқатар жеңілдік бар. Арнайы бағдарламалар арқылы несие және лизингке техника алуына болады.
Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-5 пайызбен несие беру бар. Одан қала берсе бағасы төмендетілген жағармай бар. Солармен шаруаларға қолдау көрсетіліп жатыр. Шаруалар алған тыңайтқыштарға мемлекет субсидия беріп отыр.
Қалай болғанда да диқандар қазір жер жырту жұмысын бастап кетті. Біразы егістіктің құнарын арттырып, сәбіз егуді қолға алған. Қырыққабаттың көшетін отырғызып жатқандары да бар. Ал картопты тек қаражаты бар шаруалар ғана екпек. Оның өзінде тұқымды Ресейден алдыртады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш