Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Үшқұдық ауылында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 5 жылыжай ашылды. Шағын елді мекеннің 34 тұрғыны аталған мемлекеттік бағдарламаға иек артып кәсіп ашқан. «Ауыл аманаты» елдегі ағайынға табыс көзі мен тұрақты жұмыс орнына айналды. Әкімдердің диалог-платформасында Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға себеп болғанын айтқан еді. Сондықтан 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгедей бөлінеді.
Нұрзада Жаппарова жылыжайда қияр өсіру кәсібін екі жыл бұрын бастаған. Қазір тауарын ауыл дүкендеріне және облыс орталығындағы базарларға жеткізеді. Отбасылық бизнесті бастау үшін көпбалалы ана «Ауыл аманаты» бағдарламасына иек артып, 7 млн теңге несие алған. Жалпы Үшқұдық ауылында қазір мұндай 5 жылыжай жұмыс істеп тұр.
Нұрзада Жаппарова, кәсіпкер:
-Қиярмен айналысып жатырмын. Өзімнің тапсыратын точкам да бар. Қыс кезінде күнде жинай алмайсың. Себебі күн сәулесі аз. Сондықтан 2-3 күнде бір жинаймын. Соның өзінде күнде хабарласады қияр сұрап, қиярың жақсы екен деп.
Нарыққа дайын тауар жеткізудің тиімділігін түсінген ауыл кәсіпкерлері өндірісті әртараптандыруды мақсат тұтқан. Мәселен, іріқара бағуға машықтанған серіктестік сүт фермасын ашып, шикізат өңдеуді көздейді. Қазір 100 бас сауын сиырына арналған цех салып, тиісті құрал жабдықтарын жеткізіп жатыр.
Дәурен Қоныспаев, шаруа қожалығының механигі:
-Негізінен механизаторлар қажет. Себебі өндіріс толығымен автоматтандырылған. Жем-шөбін жеңіл трактормен, суы ортақ жүйемен жеткізіледі. Қазір құрылыс жұмыстарының 95% аяқталды. Субсидия күтіп отырмыз. Қаражат түскен соң сиырларды сатып әкелеміз.
Облыс орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан Үшқұдық ауылында 1600 тұрғын бар. Көгілдір отын мен ауызсу, интернет байланысы қолжетімді болғандықтан елді мекенге қоныс аударушылар аз емес. Соңғы үш жылда жиырмадан астам отбасы көшіп келген. Қосымша жер телімдері бөлініп, баспана құрылысына қажетті инфрақұрылым да жүргізілді. Ауыл тұрғындарының жергілікті атқарушы билікке қояр кезекті сауалы – құжаттарды жаппай цифрландыру. Бұл мәселені Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында да көтерген болатын.
Берік Ақдәулетов, Үшқұдық ауылдық округінің әкімі:
-Жеке тұрғын үйлердің құжаттарын заңдастырған кезде көбіне біз аудан орталығына барамыз. Қазіргі таңда енді осы цифрландыру мәселесі толық қолға алынып жүзеге асып жатса, әрбір тұрғынға осы ауылдан шықпай әкімшіліктің ғимаратында шешуге мүмкіндік жасауға толық негіз бар деп ойлаймын.
Үшқұдық ауылдық округінде жүзге жуық кәсіпкерлік нысан тіркелген. Олардың басым көпшілігі шаштараз, дүкен, асхана мен наубайхана, жеке балабақша сияқты шағын бизнес өкілдері болса, тек жиырмаға жуығы ғана егін егіп, мал бағып отырған шаруа қожалығы. Олардың өзі бірлестік құрып, ауыл экономикасына үлес қосуға мүдделі.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов