Биыл жыл соңына дейін елде өңдеу өнеркәсібінде 190 жаңа жоба жүзеге асырылады. Оның 147-сі іске қосылған. Үкімет отырысында алдағы жоспар да пысықталды. 2028 жылға дейін бидай мен жүгеріні өңдейтін 5 зауыт салынады. Олардың қуаттылығы жылына 4,8 миллион тоннаға жетеді.
Өңдеу өнеркәсібін дамыту. 2025 жылдың 10 айында саладағы өндіріс көлемі 5,8% ұлғайыпты. Мамандардың айтуынша, өсім ең алдымен металлургия, машина жасау, химия саласы, сондай-ақ құрылыс материалдары есебінен қалыптасқан. Жаңа өнімдерді шығару міндеті қалай орындалуда?
Ерсайын Нағаспаев ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Былтыр 180 жоба іске қосылды. Оннан аса жаңа өнім түрлерін шығара бастадық. Мысалы, локоматив пен трубиналардың бөлшектері. Сұйық өнімдерге арналған қаптама және желатин сияқты тауарлар шығарылып жатыр.
Министр: «Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда»,– деді. Биыл жыл соңына дейін 190 жобаны іске қосу жоспарлануда. Қазірдің өзінде оның 147-сі пайдалануға берілген. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылыпты. Олардың ішінде жеңіл автомобильдер, тамақ өнеркәсібі, тұрмыстық техникаға арналған алюминий қаптамаларын шығару, сондай-ақ жүнді өңдеу бойынша жобалар бар.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Дәл осы өңдеу секторында қосылған құны жоғары өнімдер жасалады. Біліктілігі жоғары жұмыс орындары ашылады. Біздің мақсатымыз – жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 2030 жылға қарай 15% дейін, ал 2035 жылға қарай 18-20% дейін жеткізу. Бұл нақты орындалатын міндет екенін ерекше атап өтемін. Аграрлық саладағы қайта өңделген өнімдер экспортында да оң динамика байқалады. Осы жылдың 9 айында экспорт 2,5 млрд долларға жетіпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30% жоғары. Ал енді астықты терең өңдеуге басымдық беріледі. Нақтырақ айтсақ, 2028 жылға дейін бидай мен жүгеріні өңдейтін 5 ауқымды жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның қуаттылығы жылына 4,8 миллион тонна. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді. Айдарбек Сапаров тамақ өнімдеріне де тоқталды. Жыл басынан бері өндіріс 9% артқан.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Өсімнің едәуір бөлігін ұн және май өндірісі салалары қамтамасыз етіп отыр. Аталған кезеңде ұн өндірісі 2,8 млн тоннаға жетіп, өткен жылдан 7% ұлғайды, өсімдік майы 21,7% өсіп, 726 мың тоннаны құрады. Сүт өндірісі 4,7% өсіп, 550 мың тоннаға жетті, жарма 10%, шұжық өнімдері 7,8% өсті.
Жиын аясында фармацевтика нарығына да талдау жасалды. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше дәрі-дәрмекке баға белгілеудің жаңа цифрлық жүйесі іске қосылған. Ал өндірушінің маркетингтік және көлік үстемелері алынып тасталыпты. Осындай шешімдер арқылы мәселен онкологиялық препараттардың 66 түрінің бағасы төмендеген. Мемлекет үнемделген қаржыға қосымша дәрі сатып алуды жоспарлап отыр.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев