Балалардың көру қабілеті нашарлады
Елімізде 200 мыңға жуық баланың көру қабілеті нашар. Алайда бұл тек ресми тіркелгендердің саны. Ал тіркелмегендері қаншама... Мәселенің себебі неде? Балалардың көру қабілеті неден нашарлайды және оны алдын алудың қандай жолдары бар?
Әлия Айтқожа 4-сыныпта оқиды. Аядай ғана қыздың көз жанары +7 және +5 көрсеткіші төңірегінде. Сондықтан ол көзілдірігін мүмкіндігінше шешпеуге тырысады. Анасы қызының көру қабілеті нашар екенін алты айлығында байқаған. Содан бері, олар жағдайды жақсарту үшін барынша тырысып келеді.
Айжан Хасенова, Астана қаласының тұрғыны:
-Бұл бала карантин уақытында да, 1-сыныпта оқып жүрген кезінде де телефонда отырды. Ол уақытта бізде кәдімгідей еңбегіміздің бәрі жойылып кетті десек болады. Біз карантиннен шыққаннан кейін қайтадан емімізді бастауға тура келді. Себебі біз екі көзін алтыға түсірдік те, ол кезде карантиннен кейін қайтадан бір көзі көтеріліп, бір көзі бір деңгейде тұрды.
Технология дамыған заманда балалардың гаджетке тәуелділігі артып келеді. Қашықтан оқыту форматы жағдайды тіптен күрделендірген. Салдарынан оқушылар арасында жақыннан ғана емес, алыстан нашар көретіндер де көбейді.
Миопия - балалар арасында ең көп тараған, әрі жыл сайын жасарып келе жатқан ауру түрлерінің бірі. Елімізде бұл дертке шалдыққандардың саны 30% артыпты. Бірақ бұл жаһандық проблема. ДДСҰ жағдайды қолға алмасақ, 2050 жылға қарай әлем халқының тең жартысы осы аурумен ауруы мүмкін деп отыр.
Гүлназ Қасымбекова, балалар офтальмологы:
-Қазіргі зерттеулер бойынша миопияның алдын алу мақсатында балалар аптасына 14 сағат, ол күніне орта есеппен 2 сағат бала күндіз күннің көзінде жүру керек деп есептелінеді. Егер бала осы күндізгі уақытта далада күн сәулесін алатын болса, онда бұл миопияның алдын алатын көмекші себеп болуы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігі берген дерекке сәйкес, былтыр 17 жасқа дейінгі 196 мыңнан астам балада көз аурулары анықталған. 136 мыңы мектеп оқушысы. Сондай-ақ көзге қатысты түрлі диагнозбен 40 мыңнан астам бала диспансерлік бақылауға алынды.
Әйгерім Тулетова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар офтальмологы:
-2024 жылы консультативтік диагностикаға жүгінген балалардың саны 30% көбейді. 23 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, 6 мыңға жуық бала жүгінсе, 2024 жылы бұл сан 8 мыңға жуық болды.
Егер бала кезде көру қабілеті нашарласа оны қайта қалпына келтіру қиын. Көп жағдайда ота да жасауға болмайды. Сондықтан мамандар: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу маңызды»,-дейді. Дәрігерге жыл сайын тексеріліп, көз жаттығуларын уақытылы жасап, таза ауада көбірек уақыт өткізуге, әрі гаджеттерді қолдану уақытын барынша шектеуге кеңес береді.
Авторлары: Дана Әлиева, Диас Ковланбаев, Әлібек Алиев