Хабар телеарнасы

Аралға 1 млрд текше метр су жіберілді

2024 жылдың қазанынан қаңтар айына дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 миллиард текше метр су берілді. Бұл жоспарланған көлемнен 100 миллион текше метрге артық. Аймақта егінге су үнемдеу технологиялары да кеңінен енгізіліп отыр. Былтыр осындай әдіспен 200 миллион текше метр тіршілік нәрі үнемделіп, теңізге жіберілген. Жауапты сала мамандарының ендігі жоспары қандай? 

Былтыр егін суару кезеңінде де Арал теңізіне мол су жіберілді. «Бұл трансшекаралық өзеннің суын бөлісуге қатысты Орталық Азия елдерімен жасалған келісімнің нәтижесі»,– дейді мамандар. Солтүстік Арал теңізінінің ауданы ұлғайып, бүгінде 3065 шаршы шақырымға жетті. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 111 шақырымға көп.

Зейнолла Қазтоғанов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекция басшысының міндетін атқарушы:

-Негізгі 27 миллиард текше метр су жиналған кезде Балтық жүйесі бойынша судың деңгейі 42 метр болу керек. Ал бізде 2022 жылы 40 метр 42 сантиметрге түсіп кетті. Содан бері қазіргі таңда 22 миллиард 150 миллион текше метр су бар қазір жинақталған, кіші теңізде. Судың деңгейі 41 метрде тұр.

«Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзені сағаларын қалпына келтіру» жобасы аяқталуға жақын. Аймақта, егінге су үнемдеу технологиялары да кеңінен енгізіліп отыр. Былтыр осындай әдіспен 200 миллион текше метр тіршілік нәрі үнемделіп, теңізге жіберілген. Президент тапсырмасымен теңіздің құрғап қалған табанын көгалдандыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Серік Сермағанбетов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

-Фитомелерациялық жұмыстарды жүргізу үшін 217 тонна тұқым жиналып, себу жұмыстары атқарылды. Осы жылдың аяғына дейін бұл тапсырманы толық орындап шығамыз деп отырмыз. Негізінен жыл сайын 250 мың гектар егу жоспарлануда.

2022 жылы Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі 18,9 миллиард текше метрге дейін азайған еді. Бүгінде 22 миллиард текше метрден асты. «2025 жылдың соңына дейін 23,4 миллиард текше метрге жетеді»,– деп болжайды мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев