Елде мемлекеттік сатып алудың мерзімі бірнеше есе қысқартылды
Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа әрі жеңілдетілген ережелер бойынша мемлекеттік сатып алу туралы алғашқы шарттар жасалды. Ақмола облысы Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы бойынша байқау елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа ережелер бойынша өткізілді. Биылғы 8 қаңтарда жарияланып, қорытындысы 6 жұмыс күні ішінде шығарылды және 16 қаңтарда құрылыс салушы жұмысқа кірісті. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 1 шілдеде рәсімдерді оңайлатуға және бюрократиядан арылтуға бағытталған «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңға қол қойған болатын. Құжат мемлекеттік сатып алуды іске асыру мерзімін барынша қысқартуды қамтитын жаңа ережелермен толыққан еді.
Айта кетсек, жаңа заңдағы маңызды өзгерістің бірі – мерзімнің қысқаруы. Мәселен, құжаттаманы талқылау енді 5-тен 2 күнге қысқарды. Өтінімдер енді 15 емес, 5 жұмыс күні ішінде қаралады. Сатып алу мерзімі де қысқарды. Атап айтсақ, конкурс пен аукцион 2 айдан 10 күнге, рейтингтік баллдық жүйе 1 айдан 5 күнге, баға ұсыныстарын сұрату 5 күннен 2 күнге қысқарып отыр. Сондай-ақ конкурс жеңімпазы енді 10 күнде анықталады. Оның сыртында жергілікті жеткізушілерге берілетін шарттар 1 пайыздан 2 пайызға ұлғайтылды.
Дәурен Кеңбеил, ҚР Қаржы вице-министрі:
-Бұл жергілікті жерде тіркелген компанияларға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Біз бүгінгі күні белгілі бір қорытындыларды көріп отырмыз. Осы рейтингтік баллдық жүйе бойынша көп өңірде мердігерлер таңдалынып алынып отыр. Ағымдағы жылдың 8 ақпанына қол қойылған шарттардың көлемі 1 трлнға жақындаса, былтырғы жылдың осындай кезеңімен, 8 ақпанмен салыстыратын болсақ, бұл көлем 200 млрд, яғни биылғы жылы 5 есе асып отыр.