Хабар телеарнасы

Теміржолшы – мәртебелі мамандық

Айшылық алыс жерлерге жолаушы жеткізетін көліктің бірі – пойыз. Қаншама адамның сапары сәтті болуы үшін күн-түн демей теміржолда жүретін маманның бірі - машинист. Ол локомотивті басқарады. Қызметі асқан жауапкершілік пен темірдей тәртіпті талап етеді.

Электровоз машинисі Әлихан Қайберен әдеттегі демалыстан соң, жұмысқа асығып келеді. Ол әрбір 16 сағат сайын жолға шығады. Күнделікті құжаттарды толтырып, міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Содан кейін ғана машинистке локомотив айдауға рұқсат беріледі.

Әлихан Қайберен, электровоз машинисі:

-Теміржолда 2016 жылдан бері қызмет етемін. Әулеттегі ең бірінші теміржолшымын. Каникулда әжеме жібереді. Сонда балалық шағымда пойызбен барамыз. Пойыз кіріп келе жатқанда пойыз айдасам ғой деген арманым болатын. Арманыма жеттім. 

Тараздағы «Теміржол және коммуникация» колледжін бітірген ол алдымен машинистің көмекшісі, кейін машинист болады. Тек локомотив жүргізуді ғана емес, оның жүрегі саналатын мына 8 қозғалтқыштың да қыр-сырын жетік меңгерген. Себебі бұл өте жауапты мамандық.

Әлихан Қайберен, электровоз машинисі:

-Пойыздар күн, түн, боран, жаңбырға қарамайды ғой. Сол секілді біз де пойызды жеткілікті жерге жеткізу міндетіміз. А нүктесінен Б нүктесіне. Теміржол жауапкершілігі жоғары мамандық. Себебі мұнда см емес мм-мен есептеледі.

Электровоз машинисінің басты назары жолда, әсіресе екі рельсте болады. Себебі теміржол жазда ұзарса, қатты аязда қысқарады. Одан бөлек төрт түлік мал, кейде тіпті адам шығып қалатын жағдайлар кездеседі. Осындайда тығырықтан шығу үшін машинистер жыл сайын емтихан тапсырады.

Дулат Ахмадиев, Астана локомотив пайдалану депосының басшысы:

-Машинистке қойылатын талап өте күшті. Ең бастысы білім жағынан. Стажына, еңбегіне қарамаймыз. Ол зейнетке шыққанша, бүгін келген машинисттен қалай сұрасақ, ертең пенсияға кететін машинистің ешқандай айырмашылығы жоқ. Оның барлығы қауіпсіздікті сақтау міндеті. Жолаушылардың амандығы. Сол үшін біз оның стажына, жаңадан келіп түскеніне қарамай, жұмысқа келді ме талап бәріне бірдей.

Мұнда 400-ден астам машинист бар. Олардың жалақысы орта есеппен 700-900 мың теңгенің көлемінде. Айтпақшы, ұзақ жолға шыққанда электровоз машинистері әр 12 сағат сайын ауысып отырады. Яғни сіз мінген пойызды сапардың соңына дейін тек бір машинист басқармайды.

Авторлары: Алуа Маханбет, Мұхаммедәлі Тілдебаев