Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында энергетиктер шаңғымен қатынауға мәжбүр

Қарағанды облысына қарасты Нұра ауданында энергетика саласының мамандары электр желілерінен ақау шыққан жерлерді жөндеуге шаңғымен барып жүр. Биыл өңірге қар қалың түскендіктен, елді мекендерден жырақта орналасқан желілерге көлікпен жету қиын. Халық жарықсыз қалмасын деп мамандар барын салып жатыр.

Нұрдәулет пен Жангелді Нұра ауданы электр желілері мекемесінде жұмыс істейді. Боранды күндердің бірінде электр желісінен ақау шығып, 4 елді мекен жарықсыз қалған. Шұғыл жөндеу үшін жігіттер ауылға шаңғымен жеткен. Жолай қар құрсауында қалған көлік иелеріне көмектескен екен. Ал жолаушылар түсірген мына бейнежазбаны әлеуметтік желіден көрген жұрт жігіттердің жауапкершілігіне сүйсінген.

Нұрдәулет Қазкенов, Нұра аудандық электр желілері мекемесінің маманы:

-Жарасбай ауылына қарай шығып бара жатып болған оқиға ғой. Жаңағы ақауды жөндеп шығып бара жатқанбыз шаңғымен, машиналарға көмектестік. Көмектесу керек енді адамгершілік бар ғой, айдаладағы адамдарды тастап кетпейміз ғой.

Энергетика саласы мамандарының жұмысы оңай емес. Ақау шыққан жерге жедел жетіп, қалпына келтіруі керек. Себебі әлеуметтік, медициналық нысандардың жұмысы жарықсыз тоқтап қалады.

Жангелді Ысқақов, Нұра аудандық электр желілері мекемесінің маманы:

-Ыстық-суыққа қарамай жүре береміз, жұмыс қой. Бастысы ауылда, ауданда жарық сөнбесе болды. Шаңғымен ғана емес, ауыр құралдар бар. Одан қалды изолятор, оның барлығын сүйреп жүру ауыр.

2743 шақырым. Бұл Нұра ауданындағы желілердің жалпы ұзындығы. Электр желілері мекемесінде 115 маман жұмыс істейді. Соңғы екі жылда аудандағы техника паркі жаңартылып, жұмысшылардың жалақысы өскен.

Санжар Ерімов, Нұра аудандық электр желілері мекемесінің маманы:

-Ауылдарда жарық сөнген кезде, кейбір кезде жолда болмайды. Сосын арнайы үлкен көліктер жалдап жіберген кезде кісілерімізде байланыс та болмайды. Сол кездерде бізге өте қиын түседі. Оған қарамай біздің жігіттер жол жоқ жерлерге шаңғыларын киіп алып барады.

Нұрдәулет пен Жангелді сынды мамандардың арқасында ауданға қарасты 25 ауылдық округ жарықпен үздіксіз қамтамасыз етіліп отыр. Олар ел үшін тер төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдары.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков