Егіс алқабы 518 мың гектарға ұлғаяды
700 млрд теңге. Биыл егіншілік саласын қаржыландыруға осынша қаржы бөлінеді. Бұл туралы Үкіметте айтылды. Егіс алқаптарының көлемі 518 мың гектарға ұлғайтылмақ. Осылайша ауыл шаруашылығын әртараптандыру жалғасады. Дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін жеңілдікпен 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлініпті.
Ауыл шаруашылығында қанша өнім алатынымызды және табыстың көлемін, әдетте, тек болжаймыз. Енді сол деректер мейлінше нақты болуы үшін технологиялық мүмкіндіктер кеңінен қолданылмақ. Мәселен, алқаптарды ғарыштан бақылауға және дрондар пайдалануға болады. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерін есепке алу, мақсатты пайдалануы, астық түсімі, климаттық тәуекелдер мен басқа деректерді білуге мүмкіндік берелді. Тіпті суды үнемдеу үшін де қолданып жатқан елдер бар.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Бүгінде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, тұрақтандыру қоры мен қоймалардағы астық пен өнім қорларын есепке алу топырақтың ылғалдылығын анықтау бойынша деректердің нақтылығы өзекті күйінде қалып отыр. Осы мәселелердің бәрін есепке алу жүйесін цифрландыру арқылы шешу керек.
Жалпы биыл 23,8 млн гектар жерге егін егілмек. Бұл өткен жылғыдан 518 мың гектарға көп. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру жалғасады. Әсіресе табысы жоғары дақылдардың аумағы артады. Мәселен, майлы дақылдар 365 мың гектарға, қарақұмық 41,5 мың гектарға, картоп 15 мың гектарға ұлғаяды. Ал бидай керісінше 159 мың гектарға қысқарады.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Қазіргі уақытта майлы дақылдар мен бұршақ дақылдары ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие болуда. Олардың бағасы тұрақты жоғары деңгейде, бұл агробизнестің рентабельділігін артады. Мәселен, бидайдың орташа бағасы тоннасына 65-70 мың теңгені құраса, зығыр және рапс сияқты экспортқа бағытталған дақылдардың бағасы 200 мыңға дейін барады және одан да жоғары.
Мол өнім алу үшін егінді егіп, аспаннан бақылап отыру жеткіліксіз. Тиісті мөлшерде тыңайтқыш қолдану қажет. Биыл оның көлемі 2 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Былтыр отандық өндірушілерге аванстық субсидия беру қолға алынды. Сол арқылы тыңайтқыш бағасы тұрақталуы тиіс. Енді әкімдіктер оны аймаққа жеткізу жағын пысықтауы тиіс.
2025 жылғы егінге 2,3 млн тонна тұқым қажет. Осы қажетті қорды әзірлеу және тексеру наурыз айының соңына дейін аяқталады. Келесі маңызды мәселе техниканың әзірлігі. Қазір ол шамамен 75% құрайды. Демек бұл бағытта да жұмысты ширатқан жөн. Ал билік тарапынан көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 400 мың тонна дизель отыны бөлінетін болды.
Авторлары: Ердәулдет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин