Хабар телеарнасы

Қазақстандықтар зейнетақы қорынан үш жылда ₸4,4 трлн алған

Баспана мәселесі елімізде өткір тұр. Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешкендердің 85% артылған қаржыны үй-жағдайын жақсарту үшін жұмсаған. Осылайша, қазақстандықтар қордан 3 жылда 4,4 трлн теңге алыпты. Бірақ қордағы ақша бұдан азайған жоқ. Инфляцияға қарамастан, қаржы көлемі көбейді. «Бұл теңге портфелінің шамамен 70% тұрақты табыс әкелетін мемлекеттік бағалы қағаздарға салынуының жемісі»,– дейді Ұлттық банк өкілдері. Зейнетақы жинағының кірістілігін одан әрі арттыру үшін тиімді, бірақ тәуекелі жоғары активтерге ақша салу жоспарлануда. Қазір олардың нарықтағы үлесі 17%. Ал Ұлттық банк оны 40% жеткізуге мүдделі. 

Нұржан Тұрсынханов, ҚР Ұлттық банкінің монетарлық операциялар департаментінің директоры:

-Бүгінгі таңда зейнетақы қорында 22 трлн теңгеден астам ақша бар. Ұлттық банктің міндеті – қордың шынайы табыстылығы. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,6% болды. Бірақ соның өзінде біз салымшыларға 17% табыс әкелдік. Яғни инфляциясыз таза кіріс 9% болды.