Хабар телеарнасы

Астанада «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтіп жатыр

Жаңа оқу жылынан бастап колледждер алғаш рет атом энергетикасына қажетті маман даярлай бастайды. Одан бөлек, Қытайдың IT, дрон құрастыру және машина жасау саласындағы тәжірибесін қолдану жоспарда. Мұны бүгін Оқу-ағарту министрі «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде айтты.

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында елордада техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды фестивалі өтіп жатыр. Мұндағы жұмысшы мамандықтар қаласында тау-кен ісі және мұнайшылар, металлургия, машина жасау, су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы және құрылысшылар бойынша арнайы сегіз тақырыптық көше бар.

Арлан Талғат металлургтер отбасынан шыққан. Ол ата-анасының ізін жалғап, осы салаға маманданғысы келеді. Қазір колледждің 4 курсында оқиды.

Арлан Талғат, колледж оқушысы:

-Шахтаның құрылғыларын, машиналарын, симуляторларын көрсетіп, ұшқышсыз летательный аппараттар бар бізде. Өз көздерімен көрсін деп қызықтырып жатырмыз. Мамандығымды бітіргеннен кейін жоғары оқуға түсіп, өз мамандығым бойынша жұмыс істеу мақсатым.

Марат Біржанов, Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжі директорының орынбасары:

-Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжінде қазіргі таңда 1 156 студент білім алуда. Яғни 11 мамандық бойынша жұмысқа орналасу өте жоғары деңгейде. 95-97 пайыздың арасында.

Ал Қарағанды Жоғары политехникалық колледжіндегі студенттер дәл осындай дамыған техникаларды оқу ордаларында пайдаланып, ашық кен орындары мен құрылыс алаңдарында жұмыс істеуге дағдыланады. Себебі отандық компания әртүрлі мамандыққа арналған симуляторды елімізде құрастырып, білім ордаларына тарту еткен.

Мәселен, қазір 518 кәсіпорын орта арнаулы оқу орындарымен бірлесе жұмыс істейді. Дуальды оқыту негізінде студенттер үлкен өндірістерде тәжірибеден өтіп жүр. Диплом алған кезде олардың сол кәсіпорындарға жұмысқа тұру мүмкіндігі бар. Енді осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Тағы бір жаңалық, жаңа оқу жылынан бастап колледждерді қаржыландыру көлемі екі есе ұлғайтылады.

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

-Бұл алғаш рет Қазақстанда өткізіліп отырған формат. Иммерсивті фестиваль. Бұл дегеніміз кез келген қатысушы біздің үйлерге келіп, жұмысшы мамандарының жұмыс процесімен тікелей өзі қатысып, істей алады. Колледждері интернизациялау, біздің колледждермен шетелдік әріптестерді арасындағы ынтымақтастықты орнату бойынша жұмыстар басталды.

Қазақстанның кәсіптік-техникалық білім беру саласында 772 колледж жұмыс істейді. Онда 556 мың студент білім алады. Ал Мемлекет басшысының қолдауының арқасында 2 жыл ішінде колледж студенттерінің стипендиясы екі есе өсті.

Авторлары: Диана Қадыр, Айдос Меделбеков