Кәсіпкерлер салық реформасын талқылады
Қосымша құн салығының өсуі қызмет көрсету саласына әсер етпейді. Атап айтқанда, шаштараз, мейрамханалар, қонақ үйлер, үй жанындағы шағын дүкендерге қатысы жоқ. Олар бұрынғыдай бөлшек салық режимінде жұмыс істейді. Сондықтан тауар мен қызмет құны қымбаттамауы тиіс. Бұл туралы Алматыдағы кәсіпкерлермен кездесуде Премьер-министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты. Кәсіпкерлер қосымша құн салығы көтерілсе шағын және орта бизнестің «көлеңкеге» кетуге мәжбүр болатынын алға тартып, баламалы ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, импорттық шикізатқа тәуелді жеңіл өнеркәсіп өкілдері өндірушілерге салық жеңілдіктерін қарастыруды ұсынды. «Ал туризм саласына салық артса, бәсекелестікке төтеп бере алмай қаламыз»,– дейді. Сондықтан ішкі туризмге нөлдік мөлшерлеме бекітуді сұрады. Айта кетейік, салық реформаларын түсіндіру бойынша алты үкіметтік жұмыс тобы құрылған. Олар он күн бойы өңірлерді аралап, кәсіпкерлермен кездеседі.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Алматы шағын және орта бизнестің ең дамыған өңірі. Жаңа пікірін естідім, салмақты бизнесмендерді. Жақсы әңгіме болды деп есептеймін. Біраз ой пікірмен біз кетіп бара жатырмыз. Ертең оны іске асырамыз. Кешенді жоспар бар, мына бизнесті көлеңкеден шығаратын. Банктерді нақты секторға қаражат салуға ынталандырамыз. Жақында даму қоры негізінде біздер арнайы кепілдік фонд ашамыз. Өзіміздің пландарымыз өте көп.