Оралдағы апатты үй тұрғындары шарасыз хәлге қалды
Реновация бағдарламасы бойынша Орал қаласында соңғы 8 жылда 34 апатты үй сүріліп, орнына 16 көпқабатты баспана бой көтеріпті. Алайда жаңа үй аламыз деп ескі қоныстарынан айырылып қалғандар да бар. Әбубәкір Кердері көшесіндегі №187 үйдің тұрғындары құрылысшылардың уәдесін 5 жыл бойы күте-күте шаршағандарын айтады. Бұған қоса, уақытша тұрып жатқан баспаналарының қожайындары келіп, тұрғындарды сот арқылы күштеп шығарғалы жатқан көрінеді.
Әбубәкір Кердері 187 мекенжайындағы мына екі қабатты үйде 8 отбасы тұрған екен. 2020 жылы «Казхол» деп аталатын құрылыс компаниясы осы жерде жаңа үй саламыз, сіздерге жаңа баспана береміз деп тұрғындарды үгіттеп көндіреді. Оған әкімдік қосылып, үш жақты келісімге қол қояды. Алайда бес жыл өтті, жаңа үй тұрмақ, ескі үйдің өзі бұзылмаған.
Терезелері таспен бітеліп, есіктері дәнекерленген, жылу мен судан, жарықтан ажыратылған иесіз үйді тұрғындар күніне бір қарап қояды. Алайда әзірге жаңа құрылыстың басталар түрі жоқ.
Нүрия Дүйсәлиева, қала тұрғыны:
-Әминов Тимур деген кісі уәде етті. Мен сіздерге мынадан керемет үй салып беремін. Еуропалық стандартпен. Астыңғы жағы гараж болады деді. Айтпағаны жоқ. Оның айтқанына сеніп қалдық.
Апатты үйдің тұрғындарына жаңа баспана салынғанша осы маңнан пәтер берілген. Алайда ол үйдің қожайындары бар боп шықты. Енді бір жанұяны сот арқылы күштеп көшірмекші. «Алтын алқа» иегері Асылгүл Мұқашева қыстың көзі қырауда қайда барарын білмейді.
Асылгүл Мұқашева, көпбалалы ана:
- Мен тұрып жатқан пәтерді кепілге салған. Сол пәтердің иесі сатып алып, маған сотқа беріп босат деп жатыр. Біздің талабымыз - біздң жағдайымызға назар аударсын, үйімізді қайтарып берсін, басқа «застройщикке» берсін, басқа құрылысшы келіп салсын, қанша уақытқа дейін осылай жүреміз?
Құрылыс компаниясы Асылгүлге басқа жерден баспана ұсыныпты. Алайда көпбалалы ана үйренген жер орталықтан көшкісі келмейтінін айтты. Мәселенің мәнісін сұрап, кәсіпкерге хабарластық. Компания басшылығы кәсіпорын жұмысы жуырда қайта жанданатынын жеткізді.
Есенжан Шонаев, «Қазхол» ЖШС бас директоры:
- Біздерде қаржылық дағдарыс болған соң көп кәсіпорындар, жеке тұлғалар бізді сотқа беріп бұғаттап тастады. Реабилитацияға бердік. Сот шешімін күтіп отырмыз. Бізде қазір қасымызда инвесторлар бар. Ана қарындас сыртта қалмайды.
Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:
-Бұл жерде әкімдіктің міндеті көптеген алаяқтық болады, басқа болады. Сол болмау үшін әкімдік үшінші жақ болып кірді. Аталған жанұяны қазіргі тұрып жатырған Құрманғазы 196 пәтерінде қалдыру ол басты жоспар. Егер оған қол жеткізе алмайтын болсақ, «Қазхол» есебінен жаңа баспана үш бөлмелі жаңа баспана ұсынылатын болады.
Реновация бағдарламасы бойынша Орал қаласында соңғы 8 жылда 34 апатты үй сүріліп, орнына 16 көпқабатты баспана бой көтерді.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов