Хабар телеарнасы

Камал Ормантаев өмірден өтті

Қазақстанда балалар хирургиясының негізін қалаған даңқты педиатр, Ұлттық ғылым академиясының академигі Камал Ормантаев 89-ға қараған шағында өмірден озды. Оның қазасы туралы баласы әлеуметтік желіде жазды. Камал Сәруарұлы 1936 жылы Қызылорда өңірінде, ауылда, қарапайым отбасында өмірге келген. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін, 61-ші жылы клиникалық ординатура, ал 1965 жылы аспирантураны тәмамдап, кандидаттық қорғаған соң 1968 жылдан 2011 жылға дейін балалар хирургиясы кафедрасына, педиатрия және балалар хирургия ғылыми орталығына жетекшілік етті. Осы уақыт аралығында Камал Орынтаев 20 мыңға жуық ота жасап, мыңдаған өмірді құтқарып қалды. 320 ғылыми жұмыс, 9 монография, 40-қа жуық ғылыми жаңалық ашып, тәжірибеге енгізді. Ормантаев еңбегінің негізінде 1500 астам тәжірибелі дәрігер даярланды. 120 ғылым кандидаты мен 16 ғылым докторын тәрбиелеп шығарған. Олардың көпшілігі Қазақстан мен шетелде жетекші маман атанды.

Камал Ормантаев, ҚР Еңбек сіңірген ғылыми қайраткері, балалар хирургы:

«Өткен өмірді есіме алсам, колхозшының баласымыз. Қазақ мектебін бітіріп, осы Алматы медицинский институтына түсіп, 53-тен бастап, осы университетте осы уақытқа шейін еңбек етіп келе жатырмын. Көптеген қиыншылықтар да болды. Одан көптеген қуаныштар да болды. Соған байланысты өз тағдырыма ризамын деген кітап шығардым. Медицина деген бір қиын мамандық. Біз болашақты ойлап отырмыз ғой. Болашақтың басты мақсаты – балалардың денсаулығы.»