Хабар телеарнасы

Жеделсатыдағы шабуыл: Асхат Аймағамбетов оқиғаға байланысты пікірін айтты

Халық қалаулылары осы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, күдіктіні жауапқа тарту қалай жүргізілетінін сұрап отыр. Бұл жантүршігерлік оқиға көпшілікті үрейлендіріп тастағаны рас. Кеше елордадағы тұрғын үйлердің бірінде 5 жастағы баланы жеделсатыда 14 жастағы жасөспірім пышақтап кеткен еді.

Дүкеннен қайтқан кішкентай Батырға 14 жастағы жасөспірім жеделсатыда шабуыл жасаған. 4-ші қабатқа қансырап жалғыз көтерілген бала үйдің кіреберісіне жеткенде құлаған. Анасының айтуынша, оның сыртқа шығарда желден қорғау үшін киген көзілдірігі пышақтан қорғануға сеп болған.

Батырдың анасы:

-Сол очкидің арқасында көзі аман қалды. Бетіне сырып, сырып баламның. Қатты өкініштісі, мен осында күтіп тұрмын. Ештеңе істей алмадым. Естілмейді іштегі лифттан. Құлап жатыр, қан мына жерінен атқылап жатыр. Фонтан сияқты. Үстінің бәрі қан. Лифтінің ішінде бірнәрсеге жырып алдың ба деп мен түсінбей жатырмын.

Жандос Ахнаев, қала тұрғыны:

-3:10 кеткенде маған көршім хабарласып, бетінде жара барын, қан ағып жатқанын ескертті. Мен енді дәрігер хирург болғаннан кейін үйде алғашқы көмек көрсететін аптечкам бар. Алғашқы көмек көрсетіп, қанды тоқтатып, жедел жәрдем келгенше баланың жағдайын қалыпты жағдайда ұстап тұрдық.

Жұртты дүрліктірген оқиға осы жеделсатыда болған. Қазір бала түгілі ересектер де үрейленіп қалғандарын айтады.

Темір Сәрсенбеков, қала тұрғыны:

-Осында бір жылдан бері тұрамын. Көріп жүрген бала ғой. 5 жасар бала. Ал ана бала бұл жердікі емес.

Халық үшін қауіпті ғой. Ондай адамның пышақпен көшеде жүру деген.

Ал қалалық полиция департаменті жедел іздестіру нәтижесінде психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған жасөспірімді ұстады.

Қуаныш Орынбетов, Астана Қаласы ПД бастығының орынбасары:

-Балаға жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде, психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұрған жасөспірім заңды өкілмен бірге полицияға жеткізілді. Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін оны оқшаулау шаралары қабылданады. Жасөспірімнің заңды өкілі бала тәрбиелеу міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапқа тартылды.

Дәрігерлер баланың жалпы жағдайы ауыр деп отыр. 4 жерінен жарақат алған оған шұғыл операция жасалған.

Медет Нұғманов, «№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК директордың орынбасары:

-Қазіргі таңда бала бөлімшеде. Жағдайы тұрақты. Жедел түрде үйде көмек көрсетілмесе, сонда бала көп қан жоғалтып, асқынулар болатын еді. Психологтар бүгіннен жұмыс істеп бастап жатыр.

Мамандар шабуыл жасаған жасөспірімнің ақыл-есі дұрыс еместігін айтып отыр. Бірақ нақты қандай диагноз қойылғаны белгісіз. Оның бұған дейін де қыз балаға тиіспек болғаны анықталды.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Болған оқиғадан кейін Қазақстан қоғамы дұрыс қорытынды жасауы керек. Психикалық ауытқулары бар адамдарды қамауға алу бұл жағдайдан шығатын жол емес, керісінше, кешенді тәсіл қажет.

Айта кетейік, жасөспірімнің қолындағы пышақ тұрғын үй кешенінен 250 метр қашықтықта, балабақша маңынан табылды. Ал зардап шеккен Батырдың анасы күдіктінің әрекеті дайындықпен келгенін көрсетіп отыр деді. Сондықтан заң алдында қатаң жазаға тартылуын сұрайды.

Авторлары: Диана Қадыр, Қайрат Ақтөреев