Мұстафа Шоқайдың жеке құжаттарын енді көпшілік еркін оқи алады
Алаштың ардақты ұлы Мұстафа Шоқайдың жеке құжаттарын енді көпшілік еркін оқып біле алады. Қайраткердің құжаттары 70 жылдан бері Париждегі Тілдер мен өркениеттердің университеттер аралық кітапханасында сақталған. Оларды 1953 жылы Мұстафа Шоқайдың жары Мария Горина табыстаған. Кітапхана мұрағаттағы барлық құжатты жыл аяғына дейін цифрландырады. Материалдар арасында ұлт зиялысының жеке жазбалары және әскери тұтқындардың хаттары бар.
Марин Дефосс, Bulac университеті кітапханасының коллекциялар орталығы басшысының орынбасары:
-Бізде BINA деп аталатын цифрлық кітапхана бар. Соның арқасында жалпы қолданысқа көп құжат жүктедік. Биылғы жыл бойы Мұстафа Шоқайдың мұрағаттық құжаттарын енгіземін. Тегін алуға болады.
Катрин Пужоль, Inalco шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институтының профессоры:
-Бұл сүйінші жаңалық. Өйткені кейінгі 30 жылда мұнда осы мұрағат құжаттары үшін көптеген адам арнайы келді. Олардың қаржылық жағдайы әртүрлі. Көшірмелер ақылы болатын. Қазір осы сияқты сирек деректерді баршаға қолжетімді ету бойынша, білімді демократияландыру бағытында үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр.