Хабар телеарнасы

СҚО-ның су тасқынына дайындығы қалай?

Солтүстік Қазақстан облысының су тасқынына дайындығы қалай? Өңірге жұмыс сапары кезінде Премьер-министр Олжас Бектенов Сергеев су торабына барды. Аталған су қоймасы Есіл өзені ағынының негізгі реттеушісі. Былтыр Үкімет республикалық бюджеттен гидротехникалық нысандарды ағымдағы жөндеуге және Сергеев пен Петропавл су тораптарында су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге 278 млн теңге бөлді. «Қазсушар» мекемесі Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин қазір екі су торабы да қанағаттанарлық жағдайда және штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Ал «Қазгидромет» мамандары жауын-шашын мөлшері әсіресе, оңтүстік пен шығыс аудандарда нормадан көп болатынын айтты. Ылғал ақпан айының ортасы мен аяғында мол түседі деп болжанады.

Шұғайып Ибатуллин, «Қазсушар» РМК СҚО филиалының директоры:

-Биылға осы су тасқынына қарсы 20,3 млн ақша бөлінбекші. Бұған 1 мың кубометр тас әкелініп, осы жұмыстар ары қарай жалғасатын болады. Негізінен екі су қоймасы су тасқынын өткізуге өте дайын. Ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Петропавл қаласында Премьер-министр былтырғы су тасқыны кезінде апатты жағдайда тоқтап қалған 1-ші көтергіш сорғы стансасын жөндеу барысын тексеріп, жаңа технологиялық жабдықтарымен танысты. 70-ші жылдары салынған сорғы стансасы 50 жыл бойы жөнделмеген. Бұдан бөлек Премьер-министрге жасанды интеллект элементтері бар технологиялық мүмкіндіктер, атап айтқанда, «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» жобасы таныстырылды. Бүгінде бұл жүйе Алматыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде белсенді қолданылады. Биылдан бастап оны Солтүстік Қазақстандағы су тасқыны жағдайын бақылау үшін, одан әрі өзге де су тасқыны қаупі бар өңірлерде іске қосу жоспарланған.