«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің ауқымы кеңейді
Астанада өтіп жатқан «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің ауқымы кеңейді. Бүгінде оны 20 мыңнан астам адам көруге барған. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері өздерін локомотив жүргізушілері, ғарышкерлер, көлік құрастырушылар, дәнекерлеушілер мен металлургтер рөлінде сынап көрді. Бұл үшін 40 түрлі алаңда әр салаға тән макеттер қойылған.
Астана төрінде өтіп жатқан жұмысшы мамандықтар фестивалі мәресіне жетуге жақындап қалды. Ертең соңғы күн. Демек әр мамандыққа бойлап үлгеруге аз уақыт қалды деген сөз.
Сондықтан бүгін келушілер қатары артқан. Студенттер оқып жатқан мамандықтары бойынша жұмыс іздесе, оқушылар болашақ бағыт-бағдарын айқындауға келген.
Ерсайын Изатұлы, 9-сынып оқушысы:
-Түркістаннан келіп отырған себебім – мамандық таңдау. Әр қалада осындай фестивальдер болғанын қалаймын. Бұл баланың дұрыс шешім жасауына әсер етеді деп ойлаймын.
Оқушылар ғана емес, кішкентай бүлдіршіндер де болашағын айқындап жүр. 5 жастағы Мұхаммед ғарышкер болуды армандайды.
Айгерім Жұманова, қала тұрғыны:
-Осы баланың қызығуына бола алып келгенбіз. Енді өз көзімен көріп, қуанғаннан аузы ашылып солай қуанып жүр.
Ғарышқа болмаса да, Думан Әлиасқар дрондарды көкке ұшыра алады. Әрі оларды өз қолымен жасайды. Ендігі оқу жылында ол мұны колледж студенттеріне де үйретуді мақсат тұтып отыр.
Думан Әлиасқар, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы:
-Бұл жерде студент, қазақстандық өнім болмағанымен де, құрастырып шыққан күннің өзінде бұйырса, болашақта оның көзін ашады. Яғни шырағы жанады. Яғни жаңа қазақтың осындай бренд болатын дронын ашуға.
Металлургиядан бастап, көлік жасау, IT, ғарыш сынды 8 түрлі бағытта аса қажетті, әрі болашағы зор мамандықтар бүгін жаңа маман тапты десек, артық айтпаспыз.
Санжар Тәтібеков, «Талап» КЕАҚ президенті:
-Бизнес өкілдері, ұлттық компаниялар тартылған. Олардың саны 100-ден асады. Сонымен қатар 50-ден астам өңіріміздің мықты колледждері қатысып отыр.
Жастар үшін маңызды алаңға айналған бұл фестиваль ертең аяқталады. Алайда мұнда алған тәжірибе мен білім оқушылар мен студенттердің таңдауына үлкен әсер береді деген сенімдеміз.
Авторлары: Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев, Арман Ақшабаев