«Сергектің» орнына ЖИ-ге негізделген жаңа жүйе іске қосылады
Елордада 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Сергек» жобасы биыл 13 наурызда аяқталады. «Сергектің» орнына жасанды интеллектке негізделген жаңа жүйе іске қосылады. Соған сәйкес 10 мың камера орнатылады. Жол қозғалысы ережелерін қадағалау үшін 502 жол кешені пайда болады. Ал адамдар көп жиналатын орындарда 8 мың бейнекамера жұмыс істейді. Бұдан өзге, қоғамдық қауіпсіздік, қаланы интеллектуалды тұрғыда басқару жобасы қолға алынды. Ол шетелдік ұйымның қаржыландыруымен іске асырылады. Жұмыстың 60 пайызын қазақстандық компаниялар атқарады.