Хабар телеарнасы

Пойызды онлайн бақылауға болады

Енді пойыздың қай жерде келе жатқанын онлайн бақылауға болады. Бұл туралы Жолаушылар тасымалы компаниясы хабарлады. Мамандардың айтуынша, жаңа цифрлық сервис баршаға қолжетімді. Арнайы сайтқа кірген адам пойыздың тұрған жерін, межелі бекетке шамамен келу уақытын және барлық станциялардың тізімін көре алады. Ол үшін пойыздарға GPS-трекерлер орнатылыпты. Құрылғы қажетті деректі автоматты түрде жіберіп тұрады. Айта кетейік Қазақстанда қалааралық бағытта қатанайтын 70-ке жуық пойыз бар. Соңғы жылдары олардың кешігуіне қатысты жолаушылар тарапынан шағым көбейген. Мұндай мәселе әсіресе жаз мезгілінде жиі байқалды. Тіпті пойыздың әр кешіккен сағаты үшін билет құнының 10% дейін өтемақы төлеу туралы бастама көтерілген болатын. 

Сара Сахынбек, «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің өкілі:

-Бұл жүйе пойыздардың орналасқан жерін дәл анықтауға және қозғалыс кестесін жедел жаңартуға мүмкіндік береді. Қызмет барлық пайданушылар үшін bilet.railways.kz және tablo-railways.kz ресми сайтында қолжетімді. Картада пойыз қызыл түспен белгіленген.