Хабар телеарнасы

Семейдегі көпір қашан жөнделеді?

«Большой Остров» саяжайының тұрғындары орталыққа қатынай алмай қаламыз ба деп алаңдаулы. Өйткені бірер күн бұрын Ертіс өзені көтеріліп, аспалы көпірдің құрылымын зақымдаған. Тұрғындар өткелді күрделі жөндеуден өткізу керектігін айтып, жергілікті биліктен көмек сұрап отыр.

Бұл көпір өткен ғасырдың 90-шы жылдары салынған. Қазір көріп тұрсыздар, темір арқандардың біразы үзіліп, суға түсір кеткен. Қазірдің өзінде көпір бір жағына қарай қисайып тұр. Енді тұрғындар көктемдегі қарғын су оны мүлде шайып кетеме деп алаңдап отыр.

Икен Қараханованың саяжайда тұрғанына 40 жылға жуықтаған. Бұған дейін су осыншама көтерілген емес дейді ол. 75 жастағы қария қаладағы балаларының қолына көшуге мәжбүр болған. Аяқ-асты су көтерілсе, баспанамнан айырыламба деп алаңдаулы.

Икен Қараханова, саяжай тұрғыны:

- Құлайды, құлайды шыдамайды ол. Жаңа көрдіңіздер қалай жатқанын. Ал қалай өтеді мына кісілер?! Өте алмайды. Бізде мында 88-ге келген атамыз тұрып жатыр, бауыр. Эвакуация жасайық деп МЧС келді. Бір ай жасайды, екі жасайды сосын. Малы бар қайткенмен, бізде міне бәрін тастап жауып кеттік.

Бұл саяжай «Суық бастау кентіне» қарайды. Жалпы мұнда 200-ден астам түтін бар. 20-ға жуық отбасы мұнда қысы-жазы тұрады. Өйткені саяжай олардың жалғыз баспанасы. Ал қалада пәтерлері бар тұрғындар көшіп үлгерген.

Анатолий Родичкин, саяжай тұрғыны:

-Бұл көпір біз үшін өте маңызды. Өйткені біз сол арқылы орталыққа қатынаймыз. Өтелді су шайып кетсе, қалай жүреміз, қайықпен қатынаймыз ба? Сол үшін бізге жергілікті әкімдіктің көмегі қажет. Көпірімізді күрделі жөндеуден өткізсе дейміз.

Тұрғындар соңғы күндері Шүлбі СЭС су шамадан тыс жіберілген дейді. Алайда сала мамандары бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Әділет Бейісханов, Шүлбі СЭС басқару орталығының маманы:

-Шүлбі СЭС штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ертіске жіберілетін су мөлшері үнемі бақылауда. Гидротехникалық құрылғыларды қолдану кезінде ешқандай өзгеріс болған жоқ. Барлық жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр.

Жергілікті әкімдік өкілдері де жағдайдан хабардар.

Берік Нұрболатов, қала әкімінің ТЖ бойынша көмекшісінің міндетін атқарушы:

-Ол азаматтардың барлығымен өзім жеке таныспын. Сол жақтың инспекторымен бірге барып сөйлестік. Енді бұл мәселе күнделікті біздің назарымызда деп айтсақ болады. Қазір адам өміріне ешқандай қауіп жоқ.

Ұзындығы 100, ал ені 1,5 метр болатын бұл көпірге тек ағымдағы жөндеу жүргізіліп келген. Қалалық әкімдік өкілдері таяу арада өткелді күрделі жөндеуден өткізу жоспарда жоқ екенін айтты.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов