Хабар телеарнасы

Костенко шахтасындағы апатқа кінәлілер 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Костенка шахтасында болған апатқа кінәлілер 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қарағанды облысының прокуратурасы 46 кеншінің өліміне қатысты қылмыстық істі сотқа жолдады. Тергеу барысында қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылғаны анықталған. Апат 2023 жылдың 28 қазанында болған еді. Жарылыс күні жерастында 252 адам жұмыс істеген, 208 кеншіні құтқарушылар аман алып шықты, 46 адам қаза тапқан болатын. 

Сымбат Кәкенбаев, Қарағанды облысы прокуратурасының басқарма прокуроры:

-Тергеу барысында жазатайым оқиғаға тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің жаппай бұзылуы себеп болғаны анықталды. Көмір өндіру алаңындағы жарылыс, шоғырлануы рұқсат етілген стандарттардан айтарлықтай асып кеткен көмір шаңының жарылыстарының тізбекті реакциясын тудырып, 46 кенші қаза тауып, 28 кенші жарақаттанды.