Хабар

Қарағанды облысында 150 елді мекен қатаң бақылауға алынды

Тасқынның алдын алу мақсатында 6 бағыт бойынша күштік құрылымдар мен техникалар жасақталған. Әрі қарғын суды өзенге қарай бұру үшін арық қазылып жатыр.

 Жыл сайын қаланың оңтүстік-шығыс аумағындағы бірнеше көшені даладан келген қарғын су басып кететін. Себебі коллекторлар көп мөлшерде келген суды ағызып үлгермей, жертөлелерге дейін кіретін. Ал былтырдан бері су қала сыртымен айналып өтуі үшін осындай канал қазылып жатыр. Бұл жұмыс 10 наурызға дейін аяқталуы тиіс.

Жылдағы жағдай қайталанбас үшін биыл су арнасын бұратын арық қазылды. Оның орташа тереңдігі 5 метрден асады. Ал жалпы ұзындығы 2 шақырым. Қарғын су осы арықпен ағып Жартас каналына құяды. 

Григорий Ботнарь, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

-Осы арық арқылы 95 мың текше метр суды қала сыртымен ағызып жібереміз. Бұл қаланың оңтүстік шығыс аумағындағы коллекторларға баратын су мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. 

Кеншілер қаласындағы жеке үйлердің ойпаң аумағына жылда су жиналады. Қазір көшелеріндегі қарды сыртқа шығару жұмысы да күшейтілген. Сондай-ақ құм толтырылған 15 мың қап дайындалған. Әрі саяжайлар маңындағы Соқыр өзенінің арнасы қамыс пен шыбықтан тазартылып жатыр. 

Ерік Ахметов ,Қазыбек би аудандық әкімдігі бөлімінің басшысы:

-Көктемде үлкен су келген кезде бөгетсіз өтуі үшін сол мақсатта алынып жатыр. Бұл осы үш саяжай қауымдастығы бар, соларға су жайылып кетпес үшін арнаны тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Өңір бойынша 150 елді мекенді су басу қауіпі бар. Далада қар қалың. Жердегі тоң 30 сантиметрге жеткен. Күн күрт жылыса, қарғын су қарқынды тасуы мүмкін. 

Думан Далешов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

-Биылғы жылы күш-құралдары су қаупін жою мақсатында 6 бағытта жиналды. Оны біз былтырғы жылы қай елді мекеннен су тасу басталады, соны шығарып салу мақсатында күш-құралдарды дайындап қойдық. 

Өңірдегі Самарқанд, Шерубай-Нұра, Ынтымақ, Ботақара су қоймалары да жіті бақылауда. Бұған қоса, көпірлер мен жол бойындағы су өткізу құбырларының қары тазартылып жатыр. Таяуда өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізіледі. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков