Қостанай облысында мектеп жабылып, медпункт жұмысын тоқтатты
Былтыр Қостанай облысында 11 бастауыш, 2 негізгі мектеп жабылды. Жұмысын тоқтатқан екі тоғыз жылдық білім ошағының бірі Меңдіқара ауданының Көктерек ауылында. Аталған елді мекен балаларының дені аудан орталығындағы интернатта жатып оқиды. Қатынап білім алып жүргендері де бар. «Оқушыларды тасымалдайтын арнайы көліктің жоқтығынан, баланы күніге апарып, алып кету оңай шаруа емес»,– дейді Көктерек тұрғындары.
Көктерек ауылындағы жалғыз әлеуметтік нысан, 9 жылдық мектеп былтыр жабылып қалды. Медициналық пункт те жұмысын тоқтатты. Қазір жергілікті медициналық қызметкер науқастарды үйінде қабылдауға мәжбүр.
Екіқабатты мектеп 1992 жылы салынған. Одан кейін күрделі жөндеуден де өтіпті. Былтырдан бері қаңырап бос тұр.
Лиза Қожахметова, Көктерек ауылының тұрғыны:
-Әубаста ата-аналармен ақылдаспай районный келгендердің ниеттерімен жабылып отырған мектеп. Ата-аналардың бәрі де қарсы. Алдағы уақытта тым болмаса бірден үшке дейін қалдырғанын қалаймыз. Балам биыл қыркүйекте мектепке барады. Мен ауылдан кеткім келмейді.
Бақыткүл Байжанова, Көктерек ауылының тұрғыны:
-Мектеп жабылды. Балаларымыз қатынап оқиды. Көлік керек. Машиналар кейде сынып қалады. Кейде апара алмаймыз.
«Көктерек мектебін соңына дейін сақтап қалуға тырыстық, бірақ бала саны жетпегендіктен, жабудан басқа амал қалған жоқ»,– дейді білім басқармасының мамандары. Ал көлік мәселесі көп ұзамай шешілмек.
Анна Лазарева, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:
-Оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыру – мемлекеттік қызмет түрі. Ол үшін алдымен ата-аналардан өтініш түсуі керек. Осы уақытқа дейін ешкім ондай өтініш берген жоқ. Кеше ғана олар жазып қалдырыпты. Енді балалар тасымалын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу байқауын жариялаймыз.
Жетпістен астам тұрғыны бар Көктерек ауылында медпункт мәселесі де түйінді күйінде қалып отыр. Медициналық мекеме деген атауы болғанымен, жеке отыратын отауы жоқ.
Айдана Бүркітбаева, Меңдіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері :
-Жазда жеке үйді жалдағанбыз. Қыс түссе, оны жылыту қиын болды. Сондықтан одан бас тарттық. Ауылдық округ әкімімен сөйлесіп, жаз шыға басқа орынды қарап көреміз бе деген ойымыз бар. Көктеректе жаңа нысан салу жоспарда жоқ. Бірақ қалай болғанда да, ауылды медициналық қызметсіз қалдырмаймыз.
Ал білім басқармасының мамандары: «Кемі бес бала жиналса, мектепті қайта ашу мәселесін қарастырамыз»,– деді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг