Солтүстік Аралға 1,6 млрд текше метр су жіберіледі

  • 170
  • 18.02.2025, 18:36

Солтүстік Аралға 1,6 млрд текше метр су жіберіледі. «Бұл Орталық Азия мемлекеттеріндегі әріптестермен жасалған келісім»,– дейді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров. Ал 2030 жылдың соңына дейін мұндағы су көлемін 27 млрд текше метрге жеткізу көзделіп отыр. Қазір Солтүстік Аралдағы су көлемі 22 млрд текше метрден асады. Бұдан бөлек, Солтүстік Аралды Үлкен Арал теңізінен бөліп тұрған Көкарал бөгетін қайта жөндеу жұмыстары да биыл аяқталады. «Аралдағы су мөлшері көбейсе, оның ауданы да ұлғайып, ондағы балық түрінің 22 популяциясын қалпына келтіруге болады»,– деді министрлік өкілдері. 

Мөлдір Әбдуалиева, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі:

-Министрлік  Дүниежүзілік банкпен бірге 39 жобаны қамтитын Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін əзірледі. Бұл  жоба 2000 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы мен балық аулау кəсібін дамытуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға, өңірдегі экономикалық жəне əлеуметтік жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.