Алматыда ауызсу тарифі 10% өсті
Алматыда ақпан айынан бастап су бағасы қымбаттады. Ауызсу тарифі 10% өсті. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Әсел Бөденеева айтты. Ведомство «Алматы су» кәсіпорнының 2025-2029 жылдарға арналған сумен жабдықтау және су жіберу қызметінің жаңа тарифін бекітті. Қазір қаладағы құбырлардың тозығы жеткен. Коммуналдық желінің жартысынан көбі ескірген. Оны алдағы 5-6 жылда жаңарту көзделіп отыр. Ол жұмысты тариф есебінен жасау жоспарланған. Қаражаттың бір бөлігі үнемдеуге арналған жаңа технологияны енгізуге, құрал-жабдықтарды жаңартуға, сондай-ақ желіні жөндеуге жұмсалады.
Әсел Бөденеева, ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы:
-Бұрын бекітілген тарифтердің қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты бес жылдық сумен жабдықтау және су бұру қызметіне қатысты тарифін бекітті. Сумен жабдықтаудың орташа тарифі 1 текше метрге 135 теңге, су бұру бойынша 83 теңге. Сонымен қатар суды тұтыну көлеміне байланысты сараланған тарифтер бекітілді. Кімде су есептегіш құрал жоқ, дәл сол тұрғындар үшін төлем өзгелерден қымбат болады.