Алматыда балабақша мәселесі 30 жылдан бері шешімін таппай келеді
Алматының орталығындағы «Теремок» балабақшасы бос тұр. 2021 жылы қала әкімдігіне өткен мекемеде бала жоқ. Үйге жақын нысан жабылғандықтан ата-аналар балаларын басқа балабақшаларға апаруға мәжбүр. Ал жекеменшікке орналастыруға бәрінің қалтасы көтере бермейді. Жалпы қалада 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 86%. Яғни балабақша әлі де тапшы. Қалада тұрғын үй кешендері бой көтеріп жатса да, жанынан балабақша салу мәселесі өзекті болып тұр.
Орталықтағы бұл балабақшаның жабылғанына 2 жыл болды. Содан бері қаңырап бос тұр. Қараусыз. Есігі жабық, құлыптаулы. Ішінде күзет те көрінбейді.
Сейфуллин даңғылы мен Әйтеке би көшесінің қиылысында орналасқан «Теремок» балабақшасы 1980 жылдары салынды. Кейін жеке меншікке өтті. Ал 4 жыл бұрын нысан қала әкімдігінің балансына қайтарылғанымен әлі ашылмады. Алина Құмашева балабақшамен іргелес салынған үйде тұрады. Қызын осында бергісі келеді-ақ...
Алина Құмашева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Осында көшіп келгеніме 2 жыл болды. Қызым да екі жасқа толды. Біздің үйде бала-шағысы бар ата-аналар көп. Мына балабақша ашылса дейміз. Аумағы үлкен. Айналасын қоршап, дұрыстап жасап, ел игіліне беруін күтіп жүрміз. Бізге өте ыңғайлы болар еді.
Былтыр ғимараттың техникалық қауіпсіздігі тексеріліп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шыққан. Нысанды жөндеу үшін бюджеттен қаражат бөліну керек. «Ол наурыз айында қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралады»,-дейді құрылыс басқармасының өкілі.
Дәулет Еламанов, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
-Ол жерде балабақшаны қайтадан қалпына келтіру жұмыстарымен сейсмикалық күшейту, қайта жаңарту жұмыстары басталады. Құрылыстың көлемі 9 ай алады. Конкурстың, құжаттардың шығуына байланысты мамыр айында құрылыс жұмыстарын бастаймыз.
Алматыда 1025 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның 196-сы мемлекеттік мекеме. Бұл статистикада жекеменшік балабақшаның үлесі әлдеқайда көп. Былтыр шаһарда тек 2 мемлекеттік балабақша ашылды. Биыл 1 720 балға арналған 7 балабақша ашу жоспарланған. Дегенмен құрылыс қарқынын күшейтпесе демографиялық өсімнен қалып қоюуы мүмкін.
Авторлары: А. Садуақас. С. Жұмабаев