Хабар телеарнасы

Шахтадағы апат: 7 кенші көз жұмды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді. Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді. Қазір апат орнында жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Шахтаның опырылуына не себеп болды? 

Жұмысшылардың айтуынша, шахтаның төбесі опырылар сәтте бірнеше мәрте дүмпу естілген. Күндізгі ауысымда жүрген 400-ден астам кенші дереу жер бетіне шығарылыпты. Опырылған үйінді артында қалып қойған 7 адамды іздестіру жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облысы төтенше жағдай департаменті қызметкерлері жұмылдырылды. 6 адамның жансыз денесі түн жарымында табылып, 7-ші кеншінің сүйегі таң алдында жер бетіне шығарылды. Іздестіру жұмыстарынан соң, дереу қылмысты тергеу шаралары басталды. Қайтыс болған кеншілердің денесі сот сараптама жасау үшін полицияға тапсырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы олардың отбасына көмек көрсетіп жатыр. Бүгін түс ауа оқиға орнына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия келді. Оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысты. Алғашқы жұмыс отырысында апаттың алдын ала себептері айтылды. Төтенше жағдайлар департаменті әзірге «шахтаның астында метан газы жарылған» деген болжам айтып отыр. Әрине, оны тергеу жұмыстары анықтайды. Оған дейін шахтадағы жұмыс толықтай тоқтатылады.

Қанат Бозымбаев , ҚР Премьер-министрінің орынбасары, апаттың себебін анықтау жөніндегі үкіметтік комиссия төрағасы:

-Апаттың себебі толық анықталғанша шахтаның жұмысы тоқтатылады. Жұмысты бастау туралы тіпті ойламаңыздар. 7 адамнан айырылып қалдық. «Қазақмыстың» тарихында мұндай жағдай болмаған. Сондықтан қауіпсіздік жүйесін толықтай қайта қарауымыз керек. Қазір бізде қауіпсіздік жөнінде комитет құрылды. Енді мемлекет тарапынан бақылау күшейтіледі.

Комиссия мүшелері алғашқы жұмыс отырысынан кейін Жезқазғанға ұшып кетіп, қаза тапқан кеншілердің отбасына көңіл айтты. Сол жақта штаб кеңесін өткізген.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев