Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл: 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланды
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Елімізде тұрып жатқан ұлт өкілдерінің достығын дәріптейтін бағдарлама әр өңірде ұйымдастырылады. Оның ішінде, бірлік пен халықты ұйыстыру жолында ауқымды жобалар іске асырылмақ.
Анель Пимичева – Қазақстан халқы Ассамблеясының белді мүшесі. Еліміздегі ұлттар арасында достық пен татулықты нығайтуға арналған іс-шараларға белсенді үлес қосып келеді. Әсіресе өзі секілді жастардың қызметін қолдап жүр. Айтуынша, өскелең ұрпақ өкілі бірлікті сақтау мен өміршең етуді қалайды.
Анель Пимичева, студент:
-Облыстардағы жастармен қоян-қолтық жұмыс істеп, олардың осы Ассамблеядағы жұмысы, рөлі жайында білуге тырыстық. Мысалы, бізде Өскемен қаласында осы Ассамблея жастарының жасап жатқан үлесі де өте зор. Олар тіпті мәдениетке де өз үлесін қосады. Көптеген этнос өкілдері Қазақстанда шоғырланса да, біз татумыз, біз бір-біріміздің дәстүрімізді дәріптейміз, сақтаймыз және құрметтейміз.
Елдегі ұлтаралық ынтымақ пен бірлікті насихаттау жұмысына жастардан өзге, әр өңірдегі достық үйлері де үлес қосып келеді. Олардағы этномәдени бірлестік саны мыңнан асады. Бұдан өзге келісім мен бейбітшілікті үгіттеп, елдің маңызды істері мен халық құндылықтарын насихаттайтын Ассамблея құрылымдары қызмет етеді.
Баян Ақатай, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі төрағасының орынбасары:
-Біздің ең үлкен жобамыз бұл «мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» деп аталады. Одан бөлек «салауатты сана» деген жобамыз бар. Бұл Мемлекет басшысы айтқан бес кесел бар. Соның ішінде лудомания, нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық. Осыған қатысты үлкен жобаны қолға алып жатырмыз.
Бүгінде елімізде 100-ден аса ұлт өкілі тату-тәтті тұрып жатыр. Барлығы да ортақ отаны Қазақстанның дамуы жолында түрлі салада еңбек етуде.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Дархан Күнтуов