Жамбыл облысында жұмысшы мамандықтарға сұраныс артты
Биыл Жамбыл облысында жұмысшы мамандықтарына 4,5 мың грант бөлінді. Бұл көрсеткіш жыл санап артпақ. Себебі аймақта әлі де техник-геодезист, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласы мамандары жетіспейді. Өңірде 28 мың студент білім алып жатса, соның жартысына жуығы жұмысшы мамандығын таңдаған.
Жамбылда 12 мыңнан аса студент жұмысшы мамандықтарда оқып жатыр. Студенттердің барлығы тегін білім алуда. Бір қызығы мына дәнекерлеу ісі сынды ер адамдарға арналған мамандықтарда бұрымды қыздар да оқып жатыр.
Өңірде 18 колледжде дәнекерлеуші мамандар даярлайды. Онда мыңнан аса студент білім алып жатыр. Арасында 20-ға жуық қыз осы мамандықты таңдаған. Солардың бірі – Виктория Маркова.
Виктория Маркова, студент:
-9-сыныпта оқып жүргенде, дәнекерлеуші боламын деп шештім. Әрине, басында қиын болды. Бірақ 3 жыл ішінде ұстаздар темірді қалыңдығына қарай қалай дәнекерлеу керектігін жіті түсіндірді. Қазір қолдан келетін күнделікті жұмыс болып қалды.
Ал Айлина Керімхан ұмыт болған тері өңдеу кәсібін жаңғыртпақ. Қазір ол Абай атындағы колледжде осы мамандықты игеріп жатыр. Мақсаты - жеке шеберхана ашып, тері өңдеу өнерін кеңінен насихаттау.
Айлина Керімхан, студент:
-Тері өңдеуде тері ұмытылып жатыр. Күнделікті өмірде де киімге, аяқкиімге, сөмкелердің барлығына қолданамыз, бірақ олардың барлығы таза емес. Қазір керамика дамып жатыр, дәл осылай теріні де дамытса болады.
Облыстағы 28 колледж дәнекерлеуші, электрик, автокөлік жөндеуші, экскаваторшы, наубайшы, кондитер сынды 49 түрлі маман иесін даярлайды. Оларды жұмыспен қамту үшін оқу орындары кәсіпорындармен серіктестік орнатқан.
Дәурен Түменбаев, колледж директоры:
-Жұмысшы мамандықтарына қызығушылық жылдан жылға артып келе жатыр. 2 жыл бұрын 150 студент қабылданса, былтырғы жылы 175 студент қабылданды. Жылдан жылға тапсырыс көлемі артып келе жатыр. Биыл 200 студент қабылдау жоспарда бар.
Келесі жылы аймақта жұмысшы мамандықтарына арналған 6 салалық кешен ашылады. Бұл орталықтар мамандардың біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділді