Жаңа мемлекеттік сатып алу ережесі: Зерендіде спорт мектебінің құрылысы басталды
Мемлекеттік сатып алу бойынша байқау өткізуден бастап құрылыс жұмыстарын бастағанға дейінгі уақыт он күн... 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа ережелер қазірдің өзінде жемісін бере бастады. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 1 шілдеде рәсімдерді оңайлатуға және бюрократиядан арылтуға бағытталған, «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңға қол қойған болатын.
Ақмола облысының Зеренді ауданы. Бұл балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің құрылысы. Бірақ бұл мемлекеттік сатып алудың жаңа ережелеріне сәйкес іске асып жатқан жоба. Яғни байқау 8 қаңтарда жарияланды, қорытындысы 6 жұмыс күні ішінде шығарылды. Ал мердігер 16 қаңтарда жұмысқа кірісіп кетті.
Мейрамбек Таңжарықов, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу заңнамасы департаменті директорының орынбасары:
- Бұған дейін қаңтар айында жарияланған сатып алулардың қорытындылары ақпан айында шығарылып, жеңімпаздармен келісімшарттар наурыз айында жасалған болса, бүгінгі таңда қаңтар айында жарияланған сатып алудың жеңімпаздары бір аптаның төңірегінде айқындалып, олармен келісімшарттар жасалып мердігерлер жұмыстарына кірісіп кетті. Ол дегеніміз еліміздегі әлеуметтік нысандар ең біріншіден, мектептердің балабақшалардың, сонымен қатар тұрғын үйлердің уақытылы салыну ықтималдығын жоғарылатады.
Мемлекеттік тапсырыс туралы жаңа заңның арқасында енді өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдері мемлекеттік тапсырыстан қағылмайды. Байқау өткізу мерзімі едәуір қысқарды. Заңдық тетіктер енді тапсырыс алуда туындайтын бюрократия мен монополияға айтарлықтай кедергі екенін атап өтті қаржы министрінің орынбасары. Жергілікті қатысушыларды ынталандырудың шарапаты сол, Алматыдағы құрылысты басқа өңірден емес, жергілікті мердігердің салуына басымдық беріледі.
Дәурен Кеңпейіл, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
-Биылғы жылдың 1,5 айында 14 ақпанда 1 трлн 300 млрд-қа келісімшарттар жасалған. Бұл ненің көрінісі? Бұл мерзімдердің қысқарғанының арқасында, процедуралардың қысқарғаның арқасында және рейтингтік балдық жүйенің істеп жатқанын арқасында. Біз жергілікті компанияларға басымдық беріп отырмыз. Ол басымдық 2023 жылы болмаған. Былтыр бір балл болды. Осы заңмен екі балл беріп отырмыз. Он баллға дейін мердігер ала алады.
Жаңа заңдағы маңызды өзгерістің бірі айтқанымыздай мерзімнің қысқаруы. Мәселен, құжаттаманы талқылау енді 5-тен 2 күнге қысқарды. Өтінімдер енді 15 емес, 5 жұмыс күні ішінде қаралады. Сатып алу мерзімі де қысқарды. Атап айтсақ, конкурс пен аукцион 2 айдан 10 күнге, Рейтингтік баллдық жүйе 1 айдан 5 күнге, баға ұсыныстарын сұрату 5 күннен 2 күнге қысқарып отыр. Сондай-ақ конкурс жеңімпазы енді10 күнде анықталады. Оның сыртында жергілікті жеткізушілерге берілетін шарттар 1 пайзыдан 2 пайызға ұлғайтылды.
Рейтингтік баллдық жүйенің не құдіреті бар? Қарап тұрсақ қарапайым процедура. Келешек өнім берушінің жұмыс тәжірбиесі қаржылық орнықтылығы мен төлеген салықтарын негізге алынады. Бірақ жеңімпазды веб-портал анықтайды. Адамның қатысы мүлде жоқ.
Жеңімпаз веб-порталмен анықталғандықтан, бұндай сатып алулардың қортындылары шағымдануға жатпайды. Яғни ертең соттасып, нәтижені даулап, әуре-сарсаң болып жүрмейді.
Мейрамбек Таңжарықов, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу заңнамасы департаменті директорының орынбасары:
-Алдағы уақытта біздер құрылыс монтаждау жұмыстарын және өзге де жұмыстардан бөлек, сатып алудың басқа да түрлерін осы аталған толық автоматтандырылған рейтингтік баллдық жүйеге көшіруді жоспарлап отырмыз.
Бұл дегеніміз монополиямен бюрократияның күні батып, таза әрі әділ бәсекелестіктің таңы атады деген сөз сірә. Тек ертерек қолға алу керек еді, десек те ештен кеш жақсы.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Аян Сәрсенбаев