Әуе паркі 14 жаңа ұшақпен толығуы мүмкін
Рим, Мюнхен, Будапешт, Пусан. Биыл осы қалаларға Қазақстаннан тікелей ұшатын боламыз. Жалпы 16 жаңа бағыт ашылмақ. Сондай-ақ жыл соңына дейін еліміздің әуе паркі жаңа 14 ұшақпен толығуы мүмкін. Мамандардың болжауынша, осы арқылы жолаушылар тасымалы 15% артады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды.
Қазақстадағы азаматтық авиация. Алдымен оның қазіргі жағдайын баяндайық. Бізде ішкі тасымалмен 6 әуе компаниясы айналысады. Қазір олардың паркінде 56 бағытта қатынайтын 104 ұшақ бар. Осынша техникамен былтыр 15 млн-дай жолаушы тасымалданған. Бұл 2023 жылдағы көрсеткіштен 11% көп.
Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:
- Биыл әуе паркі екі жаңа Airbus A320 NEO лайнерімен толықты. Жыл соңына дейін тағы 14 ұшақтың келуі күтілуде, бұл тасымалдау сыйымдылығын 15%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Мұндай өсім өздігінен болмайды. Ол үшін тиісті инфрақұрылым жасалып жатыр. Атап айтсақ, Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жолаушылар терминалы жаңартылды. 10 әуежайда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында шағын авиацияны дамыту жобалары жүзеге асырылуда.
Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:
- Бұл әуежайларда ATR-72, Q-400 Bombardier сияқты сыйымдылығы 74 орынға дейінгі өңірлік ұшақтарды пайдалану жоспарлануда. Қазақстанның халықаралық әуе нарығына 4 жаңа шетелдік лоукостердің келуімен жолаушыларға бюджеттік әуе бағыттарын ұсыну мүмкіндігі артады. Олар: SpiceJet (Үндістан), Eastar Jet және T’way Air (Оңтүстік Корея), ThayAirAsia (Таиланд).
Келесі бағыт - жүк тасымалы. Былтыр оның көлемі 170 мың тонна болған. Ендігі мақсат - оны 500 мың тоннаға жеткізу.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Инфрақұрылымды дамытуға және жүк тасымалдауға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылатын болады. Біз еліміздің ең ірі 6 әуежайының аумағында экономикалық аймақ ашу туралы шешім қабылдап отырмыз. Олар халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуға тиіс.
Қазақстаннан әлемнің 31 еліне 119 бағыт бойынша рейстер орындалады. Биыл Рим, Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Пусан сияқты 16 жаңа бағыт ашу жоспарлануда. Айта кетейік, осы істің бәрін үйлестіру үшін еліміздің азаматтық авиациясында 23 мың адам жұмыс істейді.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Сүлейменов