Оралда көшедегі заңсыз саудамен күрес басталды
Орал қаласында көшедегі заңсыз саудамен күрес басталды. Әкімдік мамандары мен тәртіп сақшылары аптасына екі рет рейдке шығып, орталық базардың айналасындағы сатушыларға айыппұл салып жатыр. «Сауда арнайы белгіленген орында, рұқсат етілген жерде жүруі тиіс»,– дейді шаһар басшылығы. Алайда ауылдардан келіп, тары-талқанын, айран-қаймағын сатушылардың да өз айтары бар.
«Күнде кешкісін орталық базардың төңірегінде түрлі қалдықтар мен қоқыс шашылып қалады. Қала тазалығына нұқсан келеді. Аяқ астында сатылған азық-түліктен жұқпалы аурулар тарауы мүмкін. Сол себепті де біз көше саудасын құптамаймыз»,– дейді әкімдік өкілдері.
Асхат Байғалиев, қалалық полиция басқармасы бөлімшесінің инспектор :
-Ескерту не хаттама толтырылады. Ал егер белгіленбеген жерге сауда жасау мен қоқыс қалдықтары, адамдар көшеде темекі шегеді, қалдығын көшеге лақтырып кетуі орын алса, 204-бап бойынша айыппұл салынады.
Орал қаласында 18 базар болса, соның 7-інде азық-түлік сатылады. Ең ірісі орталық базар. Айналасынан адам аяғы үзілмейді. Ауыл-аймақтан келетіндер ат басын осында тірейді. Сатушылардың қызығатыны да сол. Әкімдік оларды басқа базарларға баруға үгіттегенімен, ол жаққа ешкім барғысы келмейді. «Себебі саудамыз жүрмейді»,– дейді Бақыт Сейсенғалиева. Ол күн сайын Теректі ауданынан келіп, құрт-майын өткізеді.
Бақыт Сейсенғалиева, Подстепное ауылының тұрғыны:
- Мен ол жаққа қалай барамын?! Азғантай тауар... Бес тары, бес талқанмен ол жерде аренда төлей алмаймын. Қазір қыстың ішінде сүт жоқ. Мен қаймақ-май сатамын. Штрафты полиция салып жатыр. Төлейсің, қайта тұрасың, төлейсің, қайта тұрасың. Қазір 18 мыңнан салып жатыр.
Көшедегі жабайы саудамен күрес бұрын да болған. Бірақ жаңа жылдан бері тіпті күшейді. Бұрын рейд айына бір жүрсе, енді аптасына екі рет тәртіп сақшылары тазалықты қадағалап, заңсыз сауда жасаушыларды қуып жүр.
Нұртас Наурызбаев, Орал қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі :
-Бұрын айына бір рейдке шыққанда олар алдын ала естіп, жан-жаққа тарап кететін, артынша қайта жиналатын. Қазір жиі-жиі бақылап жүреміз. Санитарлық талаптардың бұзылмауын да қадағалаймыз. Бізді ерекше алаңдататыны абаттандыру жайы.
Жыл басынан бері әкімдік өкілдері полиция қызметкерлерімен бірге көшеде заңсыз сауда жасаушыларға 155 ескерту беріп, 288 хаттама толтырыпты.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов