Жетісу облысында обыр дертіне шалдыққандар саны артып барады
Бес жыл бұрын аймақ тұрғындарының 6200-ден астамынан аты жаман аурудың белгілері анықталған. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 7200-ден асты. Онкологиялық ауруға душар болғандардың көбеюіне не себеп?
Лариса Ким бес күн бұрын ғана күрделі операция жасатты. Шымкент қаласының тұрғыны еліміздегі емдеу мекемелерін зерттей келе Талдықорғандағыны таңдапты.
Лариса Ким, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Денсаулығым жақсарып келе жатыр. Мұндағы дәрігерлер мен мейірбикелердің бәрі мейірімді екен. Науқастарға жылы сөзін айтып жұбатып, жігерлендіріп отырады. Менің ертеңге күнге деген үмітім оянып, алдағы өміріме жоспар құра бастадым.
Лариса Кимге отаны Мақсат Серікұлы жасады. Білікті маман жеті жылдан бері облыстық көпсалалы клиникада жұмыс істейді. Ол қатерлі ісікке шалдыққандардың көбеюіне ауруды ерте кезеңінде анықтау ісі және тағы басқа факторлар ықпал еткенін айтады.
Мақсат Серікұлы, хирург-онколог:
-Қазір міне экологиялық жағдай автокөліктердің көбеюі, жас буынның стресске бейімділігін алға қойсақ болады. Дұрыс тамақтанбау осылардың барлығы онкологиялық аурулардың көбеюіне септігін тигізіп жатыр.
Емдеу мекемесіне күніне 200-ден аса науқас келеді. Оларды гениколог, уролог, маммолог сынды дәрігерлер қабылдайды. Қажет болған жағдайда хирургтар ота жасайды.
Облыстық көпсалалы клиникада небәрі төрт хирург жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы жылына 300-ден аса операцияны дәл осылай тікесінен тік тұрып жасайды. Соған қарап-ақ мамандарға түсетін жүктеменің көптігін білуге болады.
Хирург тапшылығын тартып отырған клиникада былтыр эндоскопиялық орталық ашылды. Сала мамандары тағы бір емдеу жүйесін іске қоспақшы.
Гүлайым Оразбекова, облыстық көпсалалы клиника директорының орынбасары:
-Хайпэк деген үлкен ем көрсеткіші. Ол адамның ішқуысына радикалды операция жасалады да, содан кейін гипертермиялық жоғары қысымдағы жоғары темтературада химия препараты енгізіледі. Бұл ең алдымен 8-12 курс алмайды. Адам бір курсты операциямен бірге емін алып кетеді. Сонымен қатар бұл басқа химияға қарағанда тез және жүйелі әсер етеді.
Сала мамандары алдағы жылға зор үмітпен қарап отыр. Себебі Талдықорғанда 2027 жылға дейін жаңа онкологиялық орталық салу жоспарланған.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосын