Қырық қазақстандық Меккеге ұша алмай қалды

  • 404
  • 20.02.2025, 18:44

Меккеге барып, ұмра қажылықты өтемекші болған 40 адам екі күннен бері Алматыдағы туристік фирманың есігін торуылдап жүр. Еліміздің әр өңірінен жиналған жұрт ұмра сапарын Qazaq umma компаниясына сеніммен тапсырған. Алайда жауапты компания басшысы билет те, ақша да жоқ, - деп қу шөппен ауызын сүртіп отыр. 

Ізгі амал жасап қайтсақ деген 40 адам түскі сағат екіде Меккеге ұшу керек еді. Алайда сапарға шыға алмаған. Оған жауапты Qazaq umma компаниясына әр адам орта есеппен 600 мың теңгеден берген. Бірақ уәде етілген кіші қажылық былай тұрсын, ақшасын қайтара алмай жатыр. Мысалы, Жамбыл облысынан келген Тілеубек Кеншінбаев екі адам үшін 1 380 000 теңге төлепті.

Тілеубек Кеншінбаев, Жамбыл облысының тұрғыны:
- 18-і күні сабақ болды. Содан сағат екіде әуежайда жиналасыңдар, сол жерден билеттеріңді аласыңдар, содан кейін 14:40-та ұшасыңдар деген. Компаниямен келісіп ұшырамыз десе барып қайтқанға ниет қылып отырмыз. Болмаса, ақшаны қайтарады да енді.

Бұл туристік фирма бұған дейін де уәдесін орындамапты. Компания бүгінгі таңда 70 адамға 40 миллион теңгедей қарыз екен. Қаңтар айынан бері ақшасын қайтара алмай жүргендердің бірі Аида Айтхожина. Ол 3 миллион теңгеден астам ақша төлеген. Күте-күте шаршаған Аида Меккеге басқа компания арқылы барып келіпті.    

Аида Айтхожина, Алматы қаласының тұрғыны:

- Бұл медиациалық келісімнің уақыты өтіп кетті, мен 3-ақпанда елге қайтып келдім. Ол уақыттың ішінде ешқандай қарыз қайтарылмады. Одан кейін мен келдім офисқа, 3-4 рет келдім, қашан қайтарасыздар? Ертең, ертең, осы апта деген сөздер өте көп болды. Менің де шыдамым таусылып, сотқа береміз деген кезде 400 мың теңгені қайтарған. Жалпы 900 мың теңге қайтарылды.

Туристік компания болса қажылық сапарға арналған әуе билеттерін дер кезінде сатып алмаған. Айтуларынша, осы жолы құлшылыққа баратындардан жиналған қаражат алдыңғы жолаушылардың шығынын жабуға жұмсалыпты. «Енді бұл кісілердің қарызын қайтару үшін жеке мүлкімді сатуға шығардым. Оған дейін күте тұрыңыздар», - дейді компания басшысы.

Әділбек Тұрғымбаев, Qazaq umma компаниясының басшысы:
- Ақшалары қайтарылады немесе қазір енді қолдарымыздан келгенше басқа компаниялар арқылы ұшыруға тырысамыз. Кім көмектесемін дейді, сол компания көмектесіп ұшыруға тырысамыз. Егер шешілмесе, ол ары қарай шешілмейді ол мәселе, тек ақшаны қайтару ғана қалады. Қайтаратын ақша бар ма сіздерде? Қазір жоқ.

Компанияның кеңсесіне жиналған адамдардың 13-ші полицияға арыз жазды. Қалғандары күте тұрмақшы.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Аталмыш дерек бойынша Алмалы аудандық ПБ тергеу басталды. Обьективті мән-жайлар анықталып, заңның аясында құқықтық баға берілетін болады.

Басы дауға қалған туристік компания қызметімізді уақытша тоқтатамыз деп отыр. Себебі сенім азайып, шығын көбейіп кетті,-дейді.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев