«Кибер-шериф» жүйесі өз тиімділігін көрсетті
«Кибер-шериф» аппараттық-бағдарламалық кешені полицияның сенімді серігіне айналды. Цифрлық жүйе кез келген заңбұзушылықты анықтап, жолдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жүргізушілердің жол жүру мәдениеті де жақсарған. Ақылды жүйенің тағы қандай артықшылықтары бар?
Іші - сырты бейнекамерамен жабдықталған «Кибер-шериф» кешенінен сытылып кету оңай емес. Көлікке мінген сәтте-ақ алдағы темір тұлпардың нөмірі цифрлы экраннан жарқ ете қалды.
Сергей Бах, патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:
- Тойота 881 көлігінің жүргізушісі оңға бұрылып тоқтауыңызды сұраймын. Полиция капитаны Бахпын. «Кибер шериф» кешені сіздің төленбеген айыппұлыңыз барын анықтады.
Көлікті рұқсат етілмеген жерге қойсаңыз, жылдамдықты арттырып, жолдың қарсы бағытына шығып, ереже бұзсаңыз, бірден айыппұл арқалайсыз. Тіпті алимент, салық төлеуден жалтарып жүргендер де енді жазадан құтыла алмайды. Бір ғана «Кибер –шериф» аппараттық-бағдарламалық кешені күніне 50-ге тарта заңбұзушылықты анықтайды. Цифрлық жүйе қолданысқа енген үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны айтарлықтай азайған.
Сергей Бах, патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:
- Жеті камера бар. Олар 360 градусқа бұрылып, айналаны барлайды. Деректер мәліметтер базасына тіркелген. Ереже бұзған, айыппұл арқалаған, жүргізуші құқығынан айырылған, алименттен жалтарып жүргендер көп. Біз олардың бәрін тоқтатамыз.
Павлодарда «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Жол полициясының қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті.
Азамат Күркебаев, жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Бірінші күннің қортындысы бойынша 320 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде дөрекі, өрескел жол ережесін бұзған, мас күйінде көлік жүргізген үш жүргізуші ұсталды. Жолдың қарама-қарсы бағытына шыққан үш жүргізуші ұсталды. Сонымен қоса бағдаршамның қызыл түсіне өту, жаяу жүргіншілерге басымдылық өткізбей құқық бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды.
Павлодар облысы бойынша 10 «Кибер-шериф» кешені бар. Олар полиция қызметінің сенімді серігіне айналған. Кез келген құқықбұзушылық камераға жазылып, автоматты түрде орталыққа жолданады.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков