Хабар телеарнасы

Қызылорда облысында оқушылар апатты мектепте білім алып жүр

Қабырғасы көгерген, шатыры тозған, едені шіріген. Бұл Қызылорда облысының Жосалы кентіндегі №105-ші мектеп-лицейдің қазіргі жағдайы. Биыл ауылда жаңа оқу ошағын салу жоспарланған. Бірақ қаржы бөлінбепті. Балалар апатты мектепте оқуға мәжбүр. Мәселе қашан шілмек? 

65 жылдық тарихы бар Жосалы кентіндегі нөмірі №105-ші мектеп-лицей 420 орынға арналған. Бүгінде мұнда 500-ге жуық бала білім алады. Оқушылар екі бөлек ғимаратқа орналасқан. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Мектеп жанындағы бастауыш сыныпқа арналған ғимарат 1961 жылы қолданысқа берілген. Қабырғасы қам кесектен қаланған екен. Бүгінде мұнда 170-тен астам оқушы білім алады. 

Мектептің дәлізін пластикпен бөліп, шағын сыныптар жасаған. Бұдан басқа амалымыз қалмады,-дейді білім ошағының директоры.

Нұржан Райымов, №105 мектеп-лицейінің директоры:

- Бастауышта бөлінген кабинеттер қосымша білім беруге, яғни пәндік олимпиадаға дайындалуға, ғылыми жұмыстарға дайындалуға қосымша сол жерге барып жұмыс жасайды мұғалімдеріміз. Соған арнайы жасалған. Шатырының өзін көрдіңіз, шатырының өзіне жөндеу жұмыстары жасалмаған. Бұрынғы шифр дейміз ғой, азбестпен тұр. Еденге де жасалмаған. 

Мектепте мәдени іс-шараларды өткізуге арналған зал жоқ. Сол себепті дәлізде немесе кітапханада ұйымдастырылады. Оқушылардың сырт киімін ілетін орын да қарастырылмаған. Спортзал талапқа сай емес. Бұрынғы гимнастикаға арналған шағын залда балалар волейбол, баскетбол ойнауға мәжбүр. Бұл оқу ошағына биыл жаңа ғимарат салу жоспарланған. Бірақ қаржы мәселесін шешу қиындық тудырып тұр,-дейді мамандар.  

Ерлан Төрәлиев, облыстық құрлыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Қармақшы ауданында біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі мектеп жоспарлағанбыз. Олар Жосалы кентінде және Үшінші интернационал ауылында. Екеуі де апаттық жағдайда. Қаражатқа байланысты бұлар алдыңғы жылдарға қалып тұр. Біз басқа варианттар іздеп жатырмыз. Республикалық бюджет бар, Ұлттық қор бар, білім нысандарын қолдау қоры бар. Болмаса, облыстық бюджеттен қарастырамыз. 

Жыл сайын оқушы саны артып келе жатқан мектеп-лицейдің жаңа ғимараты қашан салынатыны белгісіз. Ал оған дейін бастауыштың оқушылары қабырғасы көгерген сыныптарда білім алуға мәжбүр. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев