Хабар

Жезқазғандағы көпқабатты үйдің қабырғалары сөгіліп жатыр

Жезқазғандағы Жеңіс көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің іргетасы шөгіп, қабырғалары сөгіліп жатыр. 30 пәтерлік баспана осыдан 4 жыл бұрын салынған. Тұрғындар: «қыста тоңғанымыз ештеңе емес, бір күні үйіміз құлап қала ма деп алаңдаймыз», - дейді. Мәселе қашан шешілмек? 

Бұл үйді жеке компания өз қаржысына салған. Денсаулық сақтау басқармасымен арадағы меморандумға сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы компания 20 пәтерді сатып алып, дәрігерлерге қызметтік баспана ретінде үлестірген. Қалғанын қалалық әкімдік алып, көпбалалы отбасыларға берген. Сүннет Тоқтаниязов мұнда 2023 жылы көшіп келген. Қарағандыдан қоныс аударған дәрігер «Жаңа қоныс жайлы болмай шықты»,- дейді.

Сүннет Тоқтаниязов, қала тұрғыны:

- Қыста жел қатты, суып кетеді. Терезеден де суық. Білмеймін, қайтадан жөндеу істеу керек пе? Біздің пәтер ғана емес, бәрі солай. Кіріп көрсеңіздер болады. Қабырғалары жарылып жатыр. Бұдан да үлкен пәтерлер бар.

Тұрғын үй 1 жыл өтпей сыр берген.  Кәріз жүйесінен ақау шығып, жертөлесін су басқан. «Ол мәселені әкімдік дер кезінде шешіп берді», - дейді тұрғындар. Ал жарылған қабырғаны екі жылдан бері тек сыртынан сылап кететін көрінеді.

Манарбек Сеңгірбаев, қала тұрғыны:

- Қабырға арқылы дала көрінетін кезге жеткен кезде тұрғындар шулайды, «міне тоңдық, жел гуілдеп жатыр», - деп. Сол кезде ішін-сыртын сылайды. Бірақ ішінде қуыс қалады. Жаңа көргендеріңіздей, бірінші қабатта жарық, ол 5-ші қабатта «зазор» ашылады әжептәуір.

Сапасыз салынған үйдің проблемасын қала әкімдігі жақсы біледі. Жауапты мамандар мәселе көп ұзамай шешіледі, - деп сендірді.

Алиса Сағымбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Жеңіс көшесі 3 а үйдің тұрғындарынан бірнеше рет шағым түсіп жатыр. Пәтердің ішінде жарықтар пайда болды, үйде тұруға жарамсыз деп ауызша да, жазбаша да шағымдар түскен. Құрылыс компаниясы өз тарапынан іргетастарды күшейтуді, қабырғалардың жарықтарын бітеу жұмысын өз міндетіне алды.

Егер құрылыс компаниясының іргетасты күшейту жұмыстарынан нәтиже болмаса, тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізіледі. Әкімдік мамандары «ол үшін жергілікті қазынадан қаржы қарастырылады», - дейді. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев