Хабар телеарнасы

Астанадағы автобус апатынан ауыр жарақат алғандарға ота жасалды

Астанада жолаушылар автобусының электр бағанына соғуынан ауыр жарақат алған төрт адамға ота жасалды. Қазір олардың халін дәрігерлер бақылауға алған. Жалпы апаттан кейін 15 жолаушы зардап шегіп, №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілген болатын. Оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушісі де бар. Абырой болғанда, балалар мен жүкті әйелдер аман. Бірқатары медициналық тексеруден өткен соң үйлеріне жіберілген.

Жеңісбек Бапанов, №1 көпбейінді қалалық ауруханасының директорының орынбасары:

-7 науқас қазір біздің ауруханада көмек алып жатыр. Жағдайы қалыпты, өмірлеріне ешқандай қауіпті нәрселер жоқ. Жүргізуші сол күні түсті. Бәрі зерттеуден өтіп, ота жасалды. Жағдайы тұрақты, ем алып жатыр.    

Естеріңізге сала кетейік, бұл оқиға өткен жұма күні кешкі уақытта болды. Көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанаға соққан. Полицияның мәліметінше, жол апаты болғанда автобуста 25 жолаушы болған.