Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында биыл қызылша өндірісі екі есе азаюы мүмкін

Себебі тәтті түбірді өңдеуге аймақтағы жалғыз Меркі қант зауытының қуаты жетпейді. Сондықтан өңір билігі диқандарға шектеу қояйын деп отыр. Шаруалар бұл шешімге қарсы.  

Былтыр жамбылдық шаруалар 11 мың гектардан аса аумаққа қант қызылшасын екті. Нәтижесінде 650 мың тоннадан аса өнім алған. Бұл рекордтық көрсеткіш. Бірақ Меркі қант зауыты оның 400 мың тоннасын ғана қабылдады. Қалған 100 мың тоннасын диқандар Жетісудағы Ақсу қант зауыты мен Қырғызстанға тасымалдап, әлек болған. «Мәселе қайталанбауы үшін Тараз қант зауыты тәтті түбір қабылдаса», дейді шаруалар. 

Ерғали Асанқұлов, шаруа :

-Тараз қант зауыты іске қосылса, Меркі қант зауытының ауыртпашылығы азаяр еді. Содан кейін мынау шаруаларға лимит қойып тастады. Сіз 10 тонна ексеңіз, 50 тоннадан 500 тонна өткізуіңіз керек.

Саха Манатов, облыстық қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

-Екі-ақ тапсырма болып тұр. Осы 2025 жылы зауытты жүргізеді. Сөйтіп фермерлерден қант қызылшасын қабылдайды немесе екінші мәселе Үкімет өзі сатып алуы керек. Себебі бұл әлеуметтік маңызы бар тауар. Үкімет ақша бөліп зауытты жүргізу керек, біздің шаураларға жұмыс беру керек.  

Жамбыл облысында 357 шаруашылық қант қызылшасын егеді. Олар биыл да 600 мың тонна өнім алса, тура былтырғыдай жағдай қайталанбақ. Сондықтан жауаптылар егістік көлемін екі есе қысқартпақ. 

Көшенов Қайрат, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы :

-Егер де бұл зауыт қосылмайтын болса, сол 300 мың тоннаны барлық шаруаларға бөліп лимит қылып беріп, солай ғана биыл 2025 жылы проблеманы шешуге тырысамыз

Шаруалар бұл шешімге қарсы. Себебі алған несие мен техникасының ақысын ай сайын төлеуі қажет. 

Қанат Әлиев, Тараз қант зауыты бақылау кеңесінің мүшесі :

-25 жыл бұрын орнатылған құрылғылар тозып тұр. Қазір сіздер 100 мың тонна қабылда дейсіздер, 10 тонна болса да, бәрібір желіні толықтай жөндеу керек. Ал оны 2025 жылы жөндеп үлгере алмаймыз. 

Зауыт басшылығының айтуынша, қайта жаңғырту жұмыстары 2026 жылы аяқталады. Сондықтан диқандардың егістік көлемін азайтудан басқа амалы жоқ.  

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә