Әскери қызметкерлер бейнежетонмен жүруі мүмкін
Енді әскери қызметкерлер бейнежетондармен жүруі мүмкін.
Еліміздің Қорғаныс министрлігі армиядағы құқықтық тәртіпті қамту үшін осындай жаңашылдық енгізгелі отыр. Құрылғыны күнделікті кезекшілікке түсетін қызметкер тағып жүруі мүмкін.
Қазір еліміздің әскери бөлімдерінде 12 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Дегенмен оның өзі жеткіліксіз. Сондықтан қазір камераның кеудеге тағатын түрін қолдану мәселесі қарастырылып жатыр. Ол ыңғайлы әрі бағасы жағынан тиімді. Оған қоса әдеттегі камералардың да саны көбейтіледі.
Тілеухан Басқожаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің департамент бастығы, әділет полковнигі:
- Әскери бөлімдерде камераға түсірілген бейнежазбаларды қарау және талдау үшін оператор лауазымы ашылды. Арнайы маман әскери қызметшілердің мінез-құлқын бақылайды. Егер қандай да бір келеңсіз оқиғалар анықталса, ол туралы басшылыққа хабарлауға жауапты. Бұған дейін сол камералар арқылы құқықбұзушылық пен қылмыстарды анықтаған жағдайлар болды.