Жетісу облысында көктемгі су тасқынына дайындық жүріп жатыр
Жетісу облысында көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстары басталды. Биыл аймақтағы төрт ауданда 20-дан аса қауіпті учаске анықталған еді. Мамандар қазір су шайып кетуі мүмкін деген жерлерді нығайтып, сақтық шараларын күшейтті.
Мұқаншы ауылында тұратын Виктор Тяннің отбасы өзен деңгейі көтерілген сайын үрей құшағында өмір сүретін. Себебі 2010 жылы оның баспанасын су басқан. Қауіпті жағдай қайталанбас үшін қазір 100 метрлік тоған қазылып, ағын судың арнасы түзетіліп жатыр. Жұмыс аяқталғанда, үш үйдің тұрғындары алаңсыз күн кешеді.
Виктор Тян, Мұқаншы ауылының тұрғыны:
- Канал қазылып жатыр. Енді Мұқаншы өзеннің екі арнасы болады. Сондықтан бізге су көп келмейді. Ауламызды су басып кете ме деген қорқыныш та болмайды. Жақсы болды.
Мұсабек ауылында мыңнан аса адам тұрады. Былтыр қар суы елді мекеннің жоғарғы жағындағы арықтан асып кетіп, арнасы кеңейтілген болатын. Ал биыл екіншісі қолға алынды.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Таудан келген тасқын суды Мұсабек ауылына жібермей, Көксу өзеніне қарай ағызып жіберетін айналма канал осы. Оның ұзындығы – 4,5 шақырым. Кейінгі отыз жылда тазаланбаған тоғанның бір шақырымнан астамы мынандай ағаштардан арылтып, табаны тереңдетіліп жатыр.
Тоспаның бір бөлігі биыл, қалғанын келесі жылы тазалау жоспарланған. Сол кезде каналдан секундына үш текше метрге дейін су ағады. Казгидромед мамандары өңірдегі Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Алакөл аудандарында су басу қауіпі бар 26 учаскені анықтаған. Соның 20-ында сақтық шаралары атқарылса, алтауында жұмыс жалғасып жатыр.
Одан бөлек, облыстық Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері 40-тан аса елді мекенді бақылауда ұстап отыр.
Ринат Тазабеков, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- Жетісу облысында су тасқынына бейім 47 елді мекен анықталған. Оның елді мекенінде қабылданған шаралармен су тасқыны қауіпі төмендетілген. Қалған төрт елді мекенде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сала мамандарының айтуынша, әзірге өңірдегі жағдай қалыпты, көктемгі су тасқынына 900-ден астам техника мен 500 адамнан тұратын жеке құрам жасақталған.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосын