Оралдағы апатты үйлер қашан жөнделеді?
Былтырғы алапат тасқын батыс өңірлерге үлкен зардабын тигізді. Содан бері жылға жуық уақыт өтсе де, Орал қаласында әлі күнге дейін не жаңа баспана ала алмай, не бүлінген үйлерін жөндете алмай жүргендер жетерлік. Сотқа жүгінген 500-дей азаматтың тек 20-ның талап-тілегі қанағаттандырылған.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Жайық және Шаған өзендерінің жайылмасындағы 14 мыңдай саяжай телімі былтыр көктемде су астында қалған болатын. Соның 8 мыңында тұрғын үй болған екен. Арнайы құрылған комиссия азаматтардың жалғыз баспанасы санатындағы 3 мыңға жуық жылжымайтын мүліктің жарамсыз екенін анықтап, 2700 тұрғынға пәтер беріліпті.
70 отбасы түрлі қайырымдылық қорларының арқасында баспаналы болған. 500-дей үйді жөндеуге қаржы бөлінген. Дегенмен не жаңа пәтер ала алмай, не бүлінген баспанасын жөндете алмай жүргендер аз емес. Солардың бірі Меловые горки ауылы маңындағы саяжай тұрғыны Ольга Тюнина. Былтыр Жайық суы шатырға дейін жетіпті. Үйді әлі өз күштерімен жөндеп жатыр.
Ольга Тюнина, қала тұрғыны:
- Оралдан 50 шақырым жердегі Теректі ауылында ата-анам тұрады. Олардың үйінде аға-ініммен бірге менің де мұрагерлік үлесім болатын. Міне, сол себепті қалалық әкімдік көмек беруден бас тартты. Ең болмаса жөндеуге де ақша бөлмеді. Қазір барар жер, басар тауымыз жоқ.
Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:
- Бірқатар азаматтарымыз бар әлі де әкімдікке келіп, әкімдіктің шешіміне наразы болып жүрген. Ол кісілердің басты себебі өздерінің атындағы саяжайлары әке-шешесінің атында болуы мүмкін, тума-туыстарының атында болуы мүмкін. Ол кісілер сотқа шағымдануы керек, сот түрінде қарау керек, барлық мәселелерді сотпен шешіп көру керек.
Дәл қазір 46 азаматтың арызы әкімшілік сотта қаралып жатыр. Ал жалпы былтырдан бері баспанасы бүлінген 500-дей азамат сот төрелігіне жүгінген. Соның тек 20-ның жолы болыпты. Бүгінде қалада 100-ге жуық отбасы бүлінген баспанасында тұруға мәжбүр. Су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі қалалық әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов